«Астана» қаржылық орталығын құру бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды

Атап айтқанда, Үкімет мүшелері Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бағдарламасының тиімділігін арттыру бойынша шараларды талқылады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова мәлімдегендей, ЖҚЖК-2020 жүзеге асыру оны жандандыруды ескере отырып, үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.
«Бұл - жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және аз қамтылған халықты «Нұрлы жол» жобаларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларын жүзеге асыру аясында еңбекпен қамту. Сондай-ақ, 2017 жылы ЭКСПО және қысқы Универсиада өткізу кезінде қызмет көрсету саласында жұмыс жасауға жастарды даярлау жүргізіледі. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап, еліміздің барлық аймақтарында пилоттық режімде аз қамтылған отбасылар үшін келісім негізінде шартты әлеуметтік төлемдер жүйесі енгізіледі», - деді Т.Дүйсенова.
Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін аймақтарда Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарлары әзірленген, олар 322 мыңнан астам адамды қамтиды. Министр сондай-ақ, «Өрлеу» жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмекті күшейту бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Отырыста сондай-ақ, ұзақ мерзімді перспективаға «Астана» халықаралық қаржылық орталығын құру және дамыту бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр сәйкес мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.