Астана кәсіпкерлері венгриялық әріптестерімен іскерлік байланыс орнатуға ниетті
Іскерлік кеңес барысында кәсіпкерлер өздерінің компанияларын таныстырып, венгриялық әріптестерімен бірлесе ынтымақтасу мүмкіндіктерін талқылауға ниетті. Сонымен қатар, жаңа кәсіби байланыстар орнату, екіжақты келіссөздерге қатысу, экономиканың түрлі салалары бойынша өзара тиімді жобаларды бірлесе дамыту мәселелерін тиянақты қарастыру күтіледі. «Біздің кеңеске қатысудағы мақсатымыз - Қазақстан Республикасында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясындағы өңдеуші өнеркәсіп саласы бойынша әріптестер табу. Өкінішке қарай, әзірше біз венгриялық компаниялармен ынтымақтастық байланыстар жасаған жоқпыз. Дегенмен, алдағы шараның тиімділігіне күмән жоқ, біз міндетті түрде әріптестік қатынас орнататын боламыз. Бұл ретте құрылатын перспективалық жобалар бойынша екіжақты ынтымақтастық негізінде өзіміздің идеяларымызды ұсынып көреміз», - дейді "AST Invest Company" ЖШС Әділхан Өмірбаев.
Тоқтала кететін жайт, 2014 жылғы қазан айындағы мәліметтер бойынша Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы 131,4 млн. долларды құраған, бұл оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 2,5 пайызға артық. Ал 2005 -2013 жылдар аралығында Венгриядан Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестициялар 60 млн. доллардан асады.