Астана кештері: Музыканттар 4 бірдей фортепианомен өнер көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 7 маусым күні «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында қазақстандық және италиялық музыканттар 4 бірдей фортепианомен өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана кештері: Музыканттар 4 бірдей фортепианомен өнер көрсетеді

«4 рояль & альт» концертінде алғаш рет А.Вивальди мен И.С.Бахтың 4 рояльға арналған туындысы орындалмақ.
Шығарманы қазақстандық және итальяндық виртуоздар - Марко Скьяво мен Серджо Маркеджани және Тимур Орманшиев пен Арман Тілеубергенов орындайды.
«Бұл туынды Қазақстанда алғаш рет орындалғалы тұр. Оның үстіне 4 фортепианода қатар ойналады. Кеше қазақстандық музыканттармен дайындық жасап көрдік, ең алдымен бой үйренісу керек болды. Себебі әрқайсысы - өз ісінің шебері, әркімнің өз пікірі бар. Бірақ, соңында музыка жеңіп шықты, шығарманы ойдағыдай орындай алдық. 7 маусым күні де табысты өнер көрсетеміз деген ойдамыз», - деді Марко Скьяво ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 3-7 маусым күндері елордада дәстүрлі «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр. Фестивальдің басты мақсаты - халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру.
Сондықтан өнердің озық үлгілерінің барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бұл жобаның концерттерінің билеттері тегін таратылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары барлық концерттерге билеттерді «Қазақстан» орталық концерт залы кассасынан тегін ала алады.
Фестивальдің ерекше қонақтары - мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар оларға концерттерге келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді.
Еске салайық, Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында «Lady Walton's Garden», «Magic Horse» сынды бірқатар әлемдік туындылар таныстырылады.