«Астана» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде бүгін қазақстандық «Астана» сырт алаңда Молдованың «Зимбру» командасын жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

«Астана» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты
Фото: «Астана» футбол клубы

Алғашқы кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірген еді. Сондықтан бүгінгі ойында жеңіске жеткен команда жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын. 

Қазақстандық команда алғашқы минуттан шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде олардың қатарынан Джеффри Чинеду 18-минутта есеп ашса, Усман Камара 21-минутта басымдықты арттырды.

Екінші кезеңде молдовалық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен діттіген мақсатына жете алмай жатты. 

Осылайша «Астана» сырт алаңда қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, үшінші іріктеу кезеңіне шықты.

Енді елордалық команда «Вардар» (Солтүстік Македония) және «Лозанна» (Швейцария) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Бұл ойындар 7 және 14 тамыз күндері өткізіледі. 

Дәл қазір «Ақтөбе» екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Чехияның «Спарта» командасымен қарымта кездесуі өктізіп жатыр. Алғашқы ойында қазақстандық команда аталған қарсыласынан 2:1 есебімен басым түскен еді.

Еске салсақ, алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС командасын жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар