Астана – күн өту қаупі ең жоғары өңір
АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет мәліметінше, еліміздің оңтүстік өңірлерінде күн қатты ысиды. Соған байланысты дәрігерлер күннен қорғану керектігін ескертеді.

Былтыр елімізде 18 адамға күн өтіп, дәрігердің көмегіне жүгінген. Ал жыл басынан бері 1 ғана адам дәл осылай шағымданған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
– 2024 жылы күн өтудің салдарынан елімізде 18 адам дәрігердің көмегіне жүгінген, ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында мұндай бір ғана жағдай тіркелген. Күн мен жылу соққысының алдын алу үшін ең алдымен су ішу режимін күшейту керек.
Сондай-ақ басты тікелей күн сәулесінен қорғап, күннің белсенді кезеңі саналатын сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін ашық күн астында жүрмеу қажет. Бұл уақытта ағзаға қосымша физикалық жүктеме түсірмеген жөн.
Сонымен қатар күннен қорғайтын арнайы кремдер қолданып, киімнің жеңіл, ашық түсті әрі табиғи матадан болғаны абзал. Салқын сумен жуыну немесе шомылу дененің қызып кетуінен сақтап, дегидратацияның алдын алуға көмектеседі. Ауа райы ыстық күндері осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы өз денсаулығыңызды қорғай аласыз, – дейді министрлік мамандары.
Жауаптылардың айтуынша, елімізде күн өту қаупі ең жоғары өңір – елорда екен.
– Күн өту деректері ең көп тіркелген өңірлердің қатарында Астана қаласы көш бастап тұр – мұнда 5 адамға күн өткен. Одан кейін Қостанай облысында – 3, ал Түркістан облысында – 2 жағдай тіркелген. Ел өңірлерінің ішінде, әсіресе Астана қаласында күн өту қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр, – дейді олар.
Айта кетейік, денсаулық сақтау процестерін цифрландыратын ақпараттық жүйе құрылады.