Астана күні қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды - Елбасы

Бүгін республикамыздың бас алаңы - «Қазақ елі» монументінің алдында Астана күніне арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы күн елорда тұрғындары мен қонақтарына шаттық пен қуаныш сыйлайтын игі дәстүрге айналды. Халқымызда «құтты қонақ келсе қой егіз табады», деген жақсы нақыл бар. Бұл шындығында солай. Әр жыл сайын көптеген достарын қарсы ала отырып, Астана көз алдымызда гүлденіп келеді. Астана күні қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпыхалықтық мерекеге айналды», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы Астана бұл күнді жыл сайын әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан жаңа жетістіктермен қарсы алатынын атап өтті. «Бұған мемлекеттің 19 млрд. АҚШ доллары көлемінде экономика субьектілеріне көмек көрсетуінің арқасында қол жеткізілді», - деді Мемлекет басшысы. Президент Астана күнін барша еліміз атап өтіп жатқанын айтты. «Бұл мерекені әрбір облыс пен аудан орталықтары, біздің ауқымды еліміздегі қалалар мен ауылдар концерттермен, серуендермен атап өтуде», - деді Президент.