Астана күніне орай Бөрлі ауданында бірнеше нысан ашылды

Алдымен Ақсай қаласында оңтүстік айналма жолдың ашылу рәсімі болып, оған аудан әкімі Болат Шәкімов қатысты. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырған «Ақсайтемірбетон» ЖШС ұзындығы 1300 метр, ені 12 метрді құрайтын жолды асфальттап қана қоймай, оның екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған жол салып, алты автобус аядамаларын орнатып, бағандарға жарық шамдарын ілуді де ескерген. Сондай-ақ алты жерден орнатылған суағар құбырдың үстінен көлік жүруге ыңғайлы көпірлер салынған. Тұсаукесер рәсіміне жол құрылысына қажетті қаржы бөліп, демеушілік көрсеткен көрсеткен «ҚПО б.в.» компаниясының атынан құрылыс департаментінің директоры Карло Фосс қатысып, құттықтады. Ал «Бөрлігазқұрылыс» АҚ оңтүстік айналма жолды жағалай жатқан елді мекеннің 12 көшесіндегі ұзындығы 8100 метрді құрайтын жолға құм аралас қиыршық тас төсеп, тегістеп шықты.
Бөрлі ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп, қайта түлеген ауыл шаруашылығы техникумының бұрынғы ғимараты мұғалімдер жатақханасы ретінде келушілерге құшағын айқара ашты. Жалпы көлемі 131,16 шаршы метрді құрайтын бір қабатты жатақхана 8 пәтерден тұрады. Жөндеу жұмыстарын оралдық «Промкров» ЖШС жүргізді. Жалпы құны 26 млн. 565 мың теңгеге бағаланған бұл жатақхана баспанаға мұқтаж боп жүрген Бөрлідегі орыс, қазақ мектептерінің, ауыл шаруашылығы колледжінің мұғалімдері және ауылдық әкімдік қызметкерлерінің жас отбасыларына беріледі.
Сондай-ақ Қанай ауылындағы бюджеттік қызметкерлерге арналған бір пәтерлік тұрғын үйдің де тұсауы кесілді. Қазіргі заманғы құрылыс материалдарын пайдалана отырып салынған және сырты кірпішпен қапталған, газы, суы, жарығы кіріп тұрған үш бөлмелі тұрғын үйдің кілті Қанай ауылдық округінің әкімі Қ.Есеналиевке табыс етілді. Бұл нысанды да «Промкров» ЖШС уақытында тапсырды.