«Aстана LRT» ісіне қатысты алдын ала тыңдау басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ЛРТ құрлысына қатысты бөлінген қаражатты талан-таражға салу ісі бойынша Рашид Аманжолов пен басқа да тұлғаларға қатысты алдын ала тыңдау басталды. Оларға қатысты үкім бұған дейін күшін жойған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алдын ала тыңдау Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.

Еске салсақ, елордадағы LRT-ның құрылысы 2019 жылы сәуірде тоқтатылған еді.

2020 жылдың қаңтарында LRT құрылысына қатысты істі тергеу шаралары аяқталды.

Сол жылы қазанда «Астана LRT» компаниясы бойынша іс сот қарауына жолданды.

Сондай-ақ, биыл 13 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі сотқа жолданғаны туралы хабарлады. Бірақ, аталған екі күдікті қазіргі уақытта қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүр.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында елордадағы LRT құрылысы туралы пікір білдірді.

«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба», - деген еді Президент.


Соңғы жаңалықтар