Астана майдангерлеріне Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңгеден беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жеңіс күніне орай елордада тұрып жатқан ардагерлерге 1,5 млн теңгеден беріледі. Бұл туралы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Елордада былтыр Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 18 ардагер болса, қазіргі кезде қалада 10 ардагер тұрып жатыр. 9 мамырды (Жеңіс күні) атап өту аясында ардагерлерге қатысты тиісті әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған», - деді Илья Скуб Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл тұрғыда ол ардагерлерге әкімдік біржолғы төлем жасайтынын айтты.

«Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге 1 531 150 теңге сомасында төлем аударылады», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биыл Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне тиісті төлем аударылатынын айтты.

Қазіргі кезде елімізде 237 ардагер бар.


Соңғы жаңалықтар