Астана мектептерінде қанша оқушы орны жетіспейді
АСТАНА. KAZINFORM – AIMAQ подкастының жаңа шығарылымында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев білім беру саласындағы мәселелерді мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазір елордада 337 мыңға жуық оқушы бар. Жылына орта есеппен 15-16 мың түлек мектеп бітіреді. Ал биыл 33 мың бала мектепке барған.
– Келесі жылы 18 мың оқушы бітірсе, оның орнына мектепке 40 мың бала келеді. Бұл – адамды қуантатын цифрлар. Инфрақұрылым әлі жетпейтіні рас. Қазір 24 мың орынға мектеп тапшылығы бар, – деді маман.
Сонымен қатар, ол мектептердегі оқушы орны тапшылығы бүкіл шаһарға емес, қаладағы кей аудандарға қатысты түйткіл екенін атап өтті.
– Алматы және Байқоңыр аудандарында мұндай мәселе жоқ. Алматы ауданында Тоқпанов көшесі бойынша салынған жаңа шағынауданда ғана орын жетіспейді, онда мектеп салынып жатыр. Ал Сарайшық ауданының көлемі үлкен. Дефициттің жартысына жуығы Тәуелсіздік сарайынан Нұрлы жол вокзалына дейін, яғни Байтұрсынұлы және Нәжімеденов көшелері арасында байқалады. Сонымен қатар, “Хан шатырдың” артында, Есіл ауданындағы “Самал” саябағы салынған тұста, Сейфуллин көшесінің Көкталға қарай жалғасы С-189 көшесінде орын жетіспеу түйткілі бар. Ал барлық қала бойынша мұндай мәселе жоқ, – деп қайталады Қасымхан Сенғазыев.
Айта кетейік, бұған дейін “Мектептегі факультативтерге қатысу міндетті ме?” деген сұрақтың жауабын жариялағанбыз.