Мектептегі факультативтерге қатысу міндетті ме
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мектептерінде факультатив пәндері бойынша сабақтарға қатысу міндетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.
Министрдің айтуынша, гимназиялар мен лицейлерге бөлінген нұсқалық оқу сағаттарының аясында факультатив қарастырылған. Жалпы білім беретін мектептерде үлгілік оқу жоспарына сәйкес, мұндай сабақтарға бір жарым сағатқа дейін уақыт бөлінген.
— Демек, факультативтер қазір міндетті пәндерге айналды. Сабаққа қатысу – міндетті, – деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, бұрын бұл пәндер бойынша баға қойылмаған және аралық бағалау жүргізілмеген. Алайда, осы оқу жылынан бастап тәсіл өзгерді: енді оқушылардың осы пәндер бойынша білімі бағаланатын болады
Бұған дейін 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп», 5–11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізілгенін жазған едік.