Астана мектептерінде маска тағу міндеттелгені туралы ақпарат рас па
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Білім басқармасы мектептерде міндетті маска режимі енгізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін мектеп чаттарында 25 қараша мен 11 желтоқсан аралығында оқушылар мен мектеп қызметкерлері медициналық маска тағуға міндетті екені туралы хабарлама тараған.
– Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің 2026 жылғы 20 қарашадағы №04-946 қаулысы негізінде 25 қарашадан 11 желтоқсанға дейін мектепте міндетті маска режимі енгізіледі. Барлық оқушы мен мектеп қызметкері медициналық маска тағуға міндетті, – делінген тараған хабарламада.
Осыған байланысты Білім басқармасына түсініктеме алу үшін хабарластық. Ведомство аталған ақпаратты жоққа шығарды.
– Барлық мектепте оқу процесі штаттық режимде жүріп жатыр, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада бір апта ішінде ЖРВИ-дің 21 158 жағдайы тіркелгенін хабарлаған едік. Елордадағы 159 мектепте 2016 оқушы сырқаттанған.