12:42, 21 Қазан 2015 | GMT +5
Астана мен Алматы арасында аптасына 100-ден астам әуе рейстері орындалуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мен Алматы арасында аптасына 100-ден астам әуе рейстері орындалуда. Бұл туралы бүгін Астанада әуежай мәселелеріне арналған ИАТА конференциясында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті.

«Ішкі әуе рейстерін Қазақстанның 6 әуе компаниясы 42 бағдар бойынша орындап келеді. Аптасына 500-ден астам рейстер жасалуда. Қазіргі кезде екі бағдар бойынша, яғни, Алматы-Астана және Алматы-Шымкент рейстерін 4 әуе компаниясы іске асыруда. Оның ішінде Алматы мен Астана арасында аптасына 110 рейс орындалады немесе тәулігіне орташа алғанда 15-16 рейсті қамтып отыр»,-деді комитет басшысы.
Б. Сейдахметовтің сөзіне қарағанда, 9 бағдар бойынша рейстерді үш әуе компаниясы атқарса, тағы 9 бағдарды екі компания және қалған 21 бағдарда жолаушыларды бір әуе компаниясы тасымалдауда. Ішкі нарықта компаниялардың үлесіне тоқталатын болсақ, Air Astana - 65 пайызды, SCAT - 18 пайызды, Bek Air - 16 пайызды құрады.