Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің оқу құралдарымен қамтылуы 98 пайызды құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің оқу құралдарымен қамтылуы 98 пайызды құрайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм беру және ғылым саласындағы бақылау комитетiнiң төрағасы Саят Нүсiпов мәлім етті. Брифингте өңiрлердегi мектептердiң оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралған болатын.

Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің оқу құралдарымен қамтылуы 98 пайызды құрайды

Комитет басшысының айтуынша, елімізде барлық оқулықтардың қоры жасалады, ал қор жасау, жеткiзу, қамтамасыз ету функциясы жергiлiктi атқарушы органдардың міндетіне кіреді. Барлық оқулықтар әрбiр төрт жыл сайын қайта басылады. Осыған орай, қазіргі таңда 2012 жылы қабылданған стандарт бойынша, 2,3,4,5,6,9,10,11 сыныптарға арналған оқулықтардың мазмұны жаңартылған.

«Өңірлердің оқулықпен қамтылу деңгейіне келсек, 20 шiлдедегi жағдай бойынша, Астана және Алматы қалаларындағы мектептерге оқу құралдарының 98 пайызы жеткiзiлген. Өңiрлердегi мектептердiң оқу әдебиеттерiмен қамтылу деңгейi: Павлодар облысы - 96 пайыз, Алматы облысы - 63 пайыз, Қарағанды облысы - 93 пайыз, Жамбыл облысы - 41 пайыз, Оңтүстiк Қазақстан облысы - 34,9 пайыз, Атырау облысы - 35 пайыз, Солтүстiк Қазақстан облысы - 50,3 пайыз, Батыс Қазақстан облысы - 37,5 пайыз, Ақмола облысы -32 пайыз, Қостанай облысы - 12,5 пайыз, Ақтөбе облысы - 18 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы -12, Маңғыстау облысы -38 пайыз, Қызылорда облысы -18 пайызды құрап отыр»,- деді С.Нүсiпов.