Астана мен Алматыда бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет орталығы құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы екі жылда Астана мен Алматы қалаларында бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет орталығын құру қарастырылады.

Астана мен Алматыда  бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет орталығы құрылады

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мәлім етті. Еске сала кетейік, комитет отырысында Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық жүйесін құру бағдаралмасы талқыланған болатын.

«Осы саладағы маңызды бюджеттік бағдарлама - «112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін құру» болып отыр. Төтенше жағдайларға жедел ден қоюда жедел қызметтің кезекшілік және диспетчерлік органдары маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда біздің елімізде әр түрлі ведомстволардың шұғыл және коммуналдық қызметтерін біріктіретін бірыңғай ақпарттық орталық жоқ. Ал «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін құру осы саладағы проблемаларды шешіп, Қазақстанға Еуропалық Одақ пен АҚШ-та қолданылатын «112 құтқару қызметі» секілді қызмет түрін енгізуге септігін тигізеді», - деді В. Божко. Оның айтуынша, ілкі жоба бойынша ортақ алгоритм негізінде барлық шұғыл қызметтердің келісілген өзара байланысы жоғары деңгейге көтеріліп, халықты қорғауға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру қарастырлады.

«Сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларында екі жылдың ішінде бірыңғай кеезкшілік-диспетчерлік қызмет орталықтарын енгізу қарастырылады. Жалпы, жобаны жүзеге асырудың алғашқы сатысында 2013 жылы бюджеттен 1 млрд. 190 миллион теңге бөлінсе, қалған 239 миллион теңгесі 2014 жылға қарастырылған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 430 миллион теңгені құрап отыр», - дейді Ішкі істер министрінің орынбасары.