Астана мен Алматының әлеуметтік нысандарына атау беру республикалық дәрежеде шешіледі

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана мен Алматының әлеуметтік нысандарына атау беру республикалық дәрежеде шешілетін болады, деп хабарланды astana.kz. сайтынан.
None
None

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Ономастика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Түзетулерге сәйкес енді әлеуметтік нысандарға атау беру мәселесі республикалық дәрежеде шешілетін болады.


«Бұдан былай республикалық маңызы бар қалалардағы көшелерге, алаңдарға, мектептерге, балабақшалар мен басқа да әлеуметтік нысандарға атау беруді республикалық ономастикалық комиссия бекітетін болады», - деп мәлімдеді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов.


Заңға енгізілген өзгерістер ономастикалық қызмет саласын жетілдіре түсуге бағытталған. Басқарма бастығының айтуынша, кейінгі жылдары жергілікті жерлерде әлеуметтік нысандарға көпшілікке беймәлім адамдардың есімі беріліп кететін жағдайлар жиі кездескен көрінеді.


«Соңғы 20 жыл көлемінде бұл туралы БАҚ-та аз жазылған жоқ. Көшелерге, мектептер мен басқа да әлеуметтік маңызды нысандарға аймақтық деңгейдегі партия, кеңес қызметтерінде істеген, еңбектері республикаға кеңінен жете танылмаған жандардың есімдері беріліп келді. Енді бұдан былай оған тоқтау қойылды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар