Астана мен Атырау республикалық бюджетке аударымын азайтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі статистикалық бюллетеніне сенсек, 2025 жылдың 11 айында үш донор облыс республика бюджетіне былтырғы 12 айдың көрсеткішінен 5,2 млрд теңге артық ақша аударған.
2025 жылдың 11 айында жергілікті бюджеттерден республика бюджетіне 474 млрд 662,7 млн теңге алынған. Ал 2024 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 469 млрд 501 млн теңге болған еді.
Оның ішінде Алматы қаласы – 244 млрд 816,6 млн теңге, (2024 ж – 226 млрд 102,1 млн теңге), Астана қаласы – 66 млрд 377,7 млн теңге (74 млрд 680,1млн теңге), Атырау облысы – 163 млрд 468,4 млн теңге (168 млрд 718,8 млн теңге) берген. Осылайша Астана қаласы республикалық бюджетке былтырға қарағанда 8,3 млрд теңге, Атырау облысы 5,3 млрд теңге кем аударса, Алматы қаласы 18,7 млрд теңге көп аударған.
Тағы бір донор өңір саналатын Маңғыстау облысы 11 айда республикалық бюджетке бір теңге де аудармаған. Керісінше 147 млрд 14,7 млн теңге субвенция алған. Республикалық бюджетке қол жайған өңірлердің көшін Түркістан облысы бастап тұр – 1 трлн 31 млрд 373,2 млн теңге. Үштікті Қызылорда (455 млрд 736,5 млн теңге) және Жамбыл (430 млрд 205,9 млн теңге) облыстары түйіндеп тұр.
Ал ең аз субвенция алған өңір – Ұлытау облысы (52 млрд 640,7 млн теңге).
Еске салсақ, Үкімет 2026 жылы Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысынан республикалық бюджетке 879 млрд 947 млн 69 мың теңге алуды жоспарлап отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келешекте республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңірлердің қатарын Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары толықтыруы мүмкін екенін айтқан еді.