Астана мен Ереван бірлескен салалық жобалар экожүйесін құруға кірісті — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министр Никол Пашинянның Қазақстанға жасаған ресми сапарының негізгі қорытындылары туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Сыртқы саясатты зерттеу институты» басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев баяндады.

Манарбек Кабазиев
Фото: Манарбек Қабазиевтің жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, келіссөздер күн тәртібі екі ел қатынастарының практикалық және ұзақмерзімді кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Бүгінде тараптар өңір үшін маңызды нақты экономикалық және логистикалық жобаларды қалыптастыруға ден қойып отыр.

— Ең алдымен тараптар сауда айналымын арттыруға және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Қазақстан металлургия, мұнай-химия, азық-түлік және машина жасау салаларында айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие, ал Армения осы тауарлар үшін тұрақты нарық болуға дайын. Өз кезегінде армян бизнесі қызмет көрсету, ІТ және сауда салаларында қазақстандық нарыққа белсенді шығып жатыр, бұл бағытта олардың қатысуын ұлғайтуға жағдай жасалып отыр, — деді Манарбек Қабазиев.

логистика
Фото: Midjourney

Сарапшы атап өткендей, сапардың маңызды бағыты — көлік-логистика мәселесі. Көп жылдан кейін алғаш рет Қазақстан өнімдерінің Оңтүстік Кавказ арқылы Арменияға транзиттік жеткізілімі қайта жанданды. Бұл жаңа сауда бағытының қалыптасуын білдіреді және оның Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарына шығатын қосымша арнаға айналу мүмкіндігі бар.

— Бұл Қазақстан үшін Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді. Үшінші маңызды бағыт — цифрлық технологиялар мен инновациялар. Тараптар ІТ, жасанды интеллект және кадр даярлау салаларында серіктестікті нығайтуға уағдаласты. Астанада TUMO білім беру орталығының іске қосылуы — екі елдің болашақтың ең келешекті салаларында күш біріктіруіне жол ашатын маңызды қадам, — деп атап өтті сарапшы.

р
Фото: freepik

Сонымен бірге сапар гуманитарлық ынтымақтастықты да күшейтті. Атап айтқанда, мәдени, білім беру және медициналық бағдарламалар кеңейіп келеді. Бұл өзара сенімді нығайтып, экономикалық әріптестікті тереңдетуге әлеуметтік негіз қалыптастырады.

Манарбек Қабазиевтің пікірінше, сапар нәтижелері стратегиялық тұрғыдан маңызды және табысты деп бағалауға болады. Ол жаңа бірлескен жобаларға негіз қалап, екі елдің ұзақмерзімді және прагматикалық серіктестікке дайын екенін көрсетті.

Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

— Маңызды факторлардың бірі институционалдық өзара іс-қимылды күшейту. Үкіметаралық комиссия отырыстары тұрақты өтіп, бизнес-форумдар мен тікелей іскерлік байланыстар дамып келеді. Цифрландыру, көлік, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларындағы мәселелер белсенді талқыланып жатыр. Бірлескен мәлімдеме мен бірнеше екіжақты құжатқа қол қойылуы ынтымақтастықты нақты экономикалық нәтижелермен және саяси қолдаумен бекітілген тұрақты стратегиялық деңгейге көтереді, — деді спикер.

Сарапшы нақты көрсеткіштерді де келтірді. Металлургия өнімдері бойынша экспортты арттыру әлеуеті шамамен 100 млн долларды, машина жасау бағытында 18 млн долларды құрайды.

Машина жасау саласы жарты жыл ішінде 11,1% өсім көрсетті
Фото: ortcom.kz

— Армения нарығына өнеркәсіп секторына қажет шикізат пен жабдық керек, ал Қазақстан бұл қажеттілікті тұрақты көлемде қамтамасыз ете алады. Химия және мұнай-химия өнімдері экспортының әлеуеті 110 млн доллардан асады. Бидай, ұн, май, сүт және кондитерлік өнімдерді жеткізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды дамыту Қазақстанды Армения үшін негізгі азық-түлік жеткізушісіне айналдырып, оның азық-түлік қауіпсіздігін нығайта алады, — деді Манарбек Қабазиев.

Сарапшы қол қойылған ведомствоаралық құжаттардың әлеуетіне де тоқталды. Оның айтуынша, «TUMO Astana» жобасының іске қосылуы жоғары технологиялар саласындағы жаңа серіктестік кеңістігін қалыптастырады. Бұл бағытта Astana Hub, Астана халықаралық қаржы орталығы және өзге де цифрлық платформалар шеңберінде бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік бар.

Astana Hub построил экосистему на $4,3 млрд за 7 лет
Фото: Министерство искусственного интеллекта и цифрового развития РК

— Осылайша, екі елдің экономикалық өзара іс-қимылы дәстүрлі шикізат экспортынан шығып, бірлескен салалық жобалар экожүйесін қалыптастыру деңгейіне өтуде, — деді сарапшы.

ЕАЭО аясындағы сауда айналымын арттыруға мүмкіндік беретін жобаларға келсек, сарапшының айтуынша, ең болашағы бар жоба — қосылған құн тізбегін қалыптастыратын және бірыңғай өндірістік-логистикалық тізбектерді дамытатын бағыттар. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп қайта өңдеу, көпұлтты көлік бағыттарын дамыту, цифрлық және финтех салаларындағы кооперация, атом энергетикасы мен ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық бар. Сондай-ақ атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеу жобалары да маңызды.

— Мұндай жобалар Қазақстан мен Арменияның ЕАЭО шеңберіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың өңірлік саудадағы және сыртқы нарықтарға шығудағы мүмкіндіктерін күшейтеді, — деп қортындылады Манарбек Қабазиев.

Бұған дейін Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан-Армения арасындағы бизнес серіктестікті қайта жаңғырту керек екенін айтқан.

Бұдан бұрын Президент Тоқаев Армения Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Бірлескен мәлімдеме қабылдап, тараптар 15 құжатқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар