Астана мен Мәскеу еуразиялық кеңістіктегі іргелі үдерістерге шешуші ықпал етеді — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Астана мен Мәскеу қатынастары бүкіл еуразиялық кеңістіктегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші ықпал етеді. Бұл жайында «Российская газета» басылымында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» деген тақырыппен берілген авторлық мақаласында айтылған.
— Астана мен Мәскеу қатынастары бүкіл еуразиялық кеңістіктегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші ықпал етеді. Қазақстан мен Ресейде осы жыл атаулы мерейтойлық іс-шаралармен айшықталды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Ұлы жеңістің 80 жылдығы. Бұл — халықтарымыз үшін ең маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Әрбір бесінші қазақстандықтың майданға аттанғаны, олардың шамамен жартысы ұрыс даласында мерт болғаны белгілі. Миллиондаған отандасымыз — қарттар да, жастар да тылда аянбай еңбек етті, — деп жазады Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Жеңіс мерейтойына орай Астанада ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған әскери шеру өткенін, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша ата-бабаларымыздың ерлігіне арналған жүздеген естелік іс-шаралары ұйымдастырылғанын атап өтеді.
— Қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру бағытында табанды еңбек етіп жүрген Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің ерікті іздеушілеріне жеке шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады.