Астана мен Мәскеу жауынгер-интернационалистері мультимедиалық бейнекөпір арқылы тілдесті

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Жауынгер-интернационалист күні мерекесі қарсаңында Астана мен Мәскеу қалалары мультимедиалық бейнекөпір арқылы тілдесті.
None
None

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 20 жыл толуына арналған «Біз ұмытпайтын Ауғанстан» тақырыбындағы бейнекөпірде екі тарап ауған соғысында болған естеліктерімен бөлісіп қана қоймай, Ресей мен Қазақстандағы ауған ардагерлеріне және мүгедектеріне мемлекеттік қолдаудың көрсетілуі, тарихта қалған ауған соғысының саяси себептері мен оның бүгінгі қоғамда қабылдануы әңгіме болды.

Қала өкілдері қазіргі уақытта өзекті мәселе болып табылатын ауған ардагерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуы, осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізгі түйткілдеріне тоқталды.

«Біз - Ауған майданында болған жауынгерлер ретінде бейбітшілік ұғымының қадірін білеміз. Біздің Елбасымыз, Жоғарғы Қолбасшымыз, Қазақстан Көшбасшысы Ауған жауынгерлерін назардан тыс қалдырмайды. Оның үлкен қолдауын сезініп келеміз», - дейді генерал-лейтенант, Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы, «Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлері қауымдастығының президенті, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев. Оның айтуынша, ауған ардагерлерінің одағы осы істі әрі қарай ілгерілетіп, соғысқа қатысқан жауынгерлердің, мүгедектердің, соғыста асыраушысынан айырылған жанұялардың қамы үшін аянбай еңбектене бермек.

РФ Ауған соғысы ардагерлері одағының басшысы, Мемлекеттік Думаның ардагерлер ісі жөніндегі комитет төрағасы Франц Клинцевичтің айтуынша, ардагерлер мәселесіне РФ Үкіметі де мықтап кіріскен. Онда В.Путиннің бастамасымен РФ Үкіметі жанынан Ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесі құрылмақ. Ол кеңеске Дума депутаттары, РФ Үкіметінің құзырлы органдарының басшылары кіретін болады. «Кеңесте ардагерлердің әлеуметтік жағдайы РФ Үкіметі деңгейінде қаралып, тиісті қаулы-қарарлар қабылданудың негізінде, заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілу арқылы өткір тұрған мәселелер шешімін табады», - деп атап көрсетті ол.

Соңғы жаңалықтар