Астана мен Павлодарда 268 текше метр ағаш материалынан қауіпті қоңыз анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері мемлекеттік фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында Қазақстан аумағына қауіпті карантиндік организмдерді кіргізуге жол бермеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстанның алты өңірінде карантиндік зиянкестер анықталды: залалданған өнім кері қайтарылды
Фото: ҚР АШМ

Тексеру барысында инспекторлар зертханалық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алды.

Министрліктің дерегінше, «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалдары жүргізген сараптама нәтижесінде өнімнің жекелеген партияларынан ауыл шаруашылығы және орман алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік нысандар анықталды.

Атап айтқанда, Астана қаласы мен Павлодар облысында көлемі 268 текше метр орман және ағаш материалдарынан қарағай сүрекші қоңызының (Monochamus galloprovincialis) залалдауы расталды.

Батыс Қазақстан облысында жалпы салмағы 397 тоннадан асатын дәнді және майлы дақылдар партияларынан, оның ішінде арпа, мақсары және зығырдан карантиндік арамшөптер — ащы жусан және сұңғыла анықталды.

Жамбыл облысында 1 тонна жас өріктен шығыс жеміс жемірі (Grapholita molesta) мен калифорниялық қалқанша сымыры (Diaspidiotus perniciosus) табылды.

Ақтөбе облысында салмағы 0,8 тонна айсберг салатының партиясынан батыс гүл трипсі (Frankliniella occidentalis) анықталды.

Сонымен қатар, Түркістан облысындағы «Б. Қонысбаев» өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасынан әкелінген жалпы салмағы 1,55 тонна екі анар партиясынан Комсток сымыры табылды.

— Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден жеткізілген залалданған карантинге жатқызылған өнім экспорттаушы елдерге кері қайтарылды. Фитосанитариялық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды. Материалдар сот органдарына жолданып, нәтижесінде әкімшілік айыппұлдар салынды, — делінген хабарламада.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушылар мен жеткізушілерге фитосанитариялық талаптарды қатаң сақтаудың қажеттігін ескертеді.

Карантинге жатқызылған өнімді әкелу және тасымалдау кезінде белгіленген талаптарды сақтау Қазақстан аумағына қауіпті карантиндік организмдердің енуін дер кезінде анықтап, олардың таралуына жол бермейді. Бұл — елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды шаралардың бірі.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада фитосанитариялық талаптарды бұза отырып әкелінген сәндік өсімдіктер жойылғанын жаздық.