Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі

Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидың Қазақстанға келуі екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын айқындап берді. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы екі ел достығының қазіргі жай-күйі мен болашағын бағдарлап көрді.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Ақорда

Аймақтық және халықаралық контекст

Ең алдымен Мелонидың Қазақстанға ресми сапары, «Орталық Азия + Италия» форматындағы алғашқы саммит пен Астана халықаралық форумына қатысуы екіжақты қатынастардың да, Еуроодақпен аймақтық әрекеттестіктің де дамуында маңызды кезең болды. Бұл – Италияның жаһандық сауда-экономикалық байланыстар қайта құрылып жатқан тұста Орталық Азияда белсенді рөл атқаруға ниетті екенінің көрінісі.

Премьер-министр қазақы қонақжайлықтың озық дәстүріне сай қарсылап алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны ұшақ баспалдағында қызғылт пион гүл шоғымен қарсы алғаны көпшілік көргені анық. Әрі қонаққа сәнді ұлттық шапан кигізілді.

Айта кету керек, Мелони ханым Президентімізден алғаш рет гүл алып отырған жоқ. Осы жылдың қаңтар айында «Абу-Дабидегі тұрақты даму апталығы» аясында Мемлекет басшысы Джорджа Мелониді туған күнімен құттықтап, раушан гүлін сыйға тартқан еді.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Борт №1

Келіссөздерді сүйемелдеген жалпы ақпараттық фон өзара комплиментарлы сипатта болды. Италия Премьер-министрі біздің Президентті «өзі кездескен ең прагматик көшбасшылардың бірі» деп бағалады.

Шынында да прагматизм басым болды деп айтар едік. Диалог алаңдарында да, келіссөздер барысында да екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара әрекеттестікті жандандыруға бағытталған нақты, конструктивті ұсыныстар айтылды.

– Сіздің сапарыңыз – біздің екіжақты ынтымақтастығымыздағы маңызды оқиға, – деді Мемлекет басшысы Ақордада Джорджа Мелониді қабылдай отырып.

Джорджа Мелони
Фото: Ақорда

– Біз өзара байланыстарды, достық пен сенімді нығайтуға ерекше мән береміз. Италия Қазақстанның әлемдегі үшінші, ал Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі болуы – кездейсоқ емес. Біз бұл ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауымыз керек деп есептеймін, – деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Италия үкіметінің басшысы да қарым-қатынасты жандандыруға қызығушылық танытты. Президентпен кездесуде де, Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде де Қазақстанды Италияның стратегиялық серіктесі деп атап, Орталық Азияны Еуразияның маңызды торабы ретінде сипаттады.

Жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл диалог ерекше мәнге ие. Италия аймақтағы жетекші державаларға тәуелсіз, өз аймақтық стратегиясын дамыта отырып, Орталық Азиямен ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетуде. Қазақстан да көпвекторлы тәсіл ұстанып, ЕО, Қытай, Түркия және Парсы шығанағы елдерімен байланыстарды дамытып келеді. Бұл тұрғыда Италия «Еуропаға қақпа» рөлін атқарып, инвестициялар мен өнеркәсіптік технологияларды ұсына алады.

Экономика, бизнес һәм инвестициялар

Көптеген мемлекетпен салыстырғанда Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сауда статистикасы жоғары. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында екі ел арасындағы тауар айналымының 24%-ға өсіп, өткен жылы 20 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

Кейінгі 20 жыл ішінде Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға жуық инвестиция салды. ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont және Ballestra секілді ірі инвесторларды қоса алғанда, шамамен 270 италиялық компания Қазақстанда сәтті жұмыс істеуде.

Жалпы, әңгіме өте мазмұнды және жан-жақты өтті. Тараптар екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтитын кең ауқымды мәселелерді талқылады. Джорджа Мелони Президентімізбен болған кездесудің нәтижелілігін атай отырып, қазіргі күрделі жағдайларды терең түсінетін тұлғамен пікір алмасудың маңыздылығын жеткізді.

Джорджа Мелони
Фото: Ақорда

– Осындай қиын кезеңде жақсы жаңалықтардың болуы қуантады. Солардың бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы ерекше қатынастар. Біздің байланыстарымыз жоғары деңгейде, біз бұны бірнеше рет атап өттік. Бірақ оларды одан әрі нығайтуға әрдайым мүмкіндік бар. Бұл сапардың басты мақсаты да осы, – деді Италия Премьер-министрі.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында стратегиялық серіктестікті нығайту жөніндегі бірлескен мәлімдеме, маңызды пайдалы қазбалар мен шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.

«Самұрық-Қазына» қоры мен италиялық өнеркәсіп алыбы Maire Tecnimont арасында қол қойылған меморандум Атырау облысындағы газ бөлу қондырғысы мен мұнай-химия зауыты жобаларын іске асыруды көздейді.

– Осы ашық диалог нәтижесінде «ҚазМұнайГаздың» біздің топты стратегиялық жобаларын жүзеге асыратын серіктес ретінде таңдағанына өте қуаныштымыз. Бірақ бұл жобалармен ғана шектелмейміз деп сенеміз. Жақын болашақта жаңа мүмкіндіктер туатынына үміттенеміз, – деді Maire Tecnimont компаниясының бас директоры Алессандро Бернини.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Ақорда

Қазақстан бұл саланы енді ғана дамытып жатқандықтан, Италия тарапынан технологияларды жергіліктендіруге, құзыреттерді беруге және ұзақмерзімді өндірістік кластерлер құруға қызығушылық бар екенін Италияның Қазақстандағы Елшісі Антонелло Де Риу де атап өтті.

А.Бернини өз кезегінде компаниясының қазақстандық кадрлық және өндірістік база негізінде жұмыс істеуге дайын екенін, жобаларды Қазақстанның технологиялық егемендігі стратегиясына бейімдеуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл тәсіл Астананың басымдықтарына – шикізаттық экспорттан индустрияландыруға және жоғары қосылған құны бар өнімді жеткізу ісіне көшуге сәйкес болмақ.

Сондай-ақ экономикалық өзара әрекеттестікті дамытуға Премьер-министрдің сапары қарсаңында өткен «Италия – Қазақстан» бизнес-форумы да өз үлесін қосты. Оның қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылық өңдеу, машина жасау, металлургия, мұнай-химия және логистиканы цифрландыру салаларын қамтитын 180 млн еуро сомасына келісімшарттар жасалды.

Италия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын 10 ірі елдің қатарына кіреді. Өндірісті жергіліктендіру және технологиялық шешімдерді трансферттеу жобалары серіктестіктің жаңа нормасына айналуда. Мұнай-газ секторынан бөлек, италиялық компаниялар көптеген салаларда жұмыс істеуде.

Агроөнеркәсіптік кооперация да басты назарда болды. Қазақстан органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығы экспортын арттыруға дайын екенін білдіріп, ауыл шаруашылық өнімдерін бірлесіп өңдеу және қаптау желілерін халықаралық нарыққа бағытталған біртұтас брендпен құруды ұсынды.

«Орталық Азия + Италия»: аймақтық интеграцияға ашылған қақпа

«ОА+Италия» саммиті Италия Премьер-министрі Джорджия Мелонидің Қазақстанға сапарының шешуші сәтіне айналды. Бұл Римнің өңір елдерімен тұрақты ынтымақтастыққа мүдделі екенін растап отыр. Тарихта алғаш рет өткізілген бұл саммит көпжақты өзара іс-қимылдың жаңа негізін қалап, диалогтың институционалдық форматын бекітті.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Ақорда

Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және логистикалық хаб ретінде кездесудің үйлестірушісі болып, жүйелі келіссөздер мен маңызды келісімдерге қол қою үшін алаң ұсынды. Ал Италия ЕО мен Орталық Азия арасындағы «көпір» рөлінде тұрақты инфрақұрылымды, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, соның ішінде білім беру мен туризмді ілгерілетуде.

– Әлемдегі басты экономикалық орталықтар арасындағы тарифтік қақтығыстар барлық елдер үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осындай жағдайда біз үшін қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалу ғана емес, оларды нығайтуға күш салу аса маңызды. Біздің ойымызша, басты назар бірлескен жобаларды іске қосу, ең алдымен жоғары қосылған құны бар өңделген өнімдердің есебінен тауарлар номенклатурасын кеңейтуге аударылуы тиіс. Қазақстан Италияға 1 млрд доллар көлемінде 100-ден астам тауар түрін экспорттауға әлеуетті, – деді Қазақстан Президенті.

Екі ел арасындағы сауданы кеңейтудің маңызды тетігі ретінде сауда үйлері мен логистикалық орталықтарды ашу ұсынылды. Атап айтқанда, Алматыда Италиялық сауда үйін ашу бастамасы көтерілді. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы сирек жер металдарының кен орындары туралы өзекті ақпаратты жинақтайтын Өңірлік зерттеу орталығын құру туралы ұсыныс айтылды.

Кездесу барысында баламалы энергетиканы дамыту мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысы осы салада жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар үшін италиялық әріптестеріне ризашылық білдірді.

Ал экология тақырыбына келсек, Италия Қазақстанға өңірдің экологиялық проблемаларын, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіру ісінде белсенді қолдау көрсетіп отыр.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Ақорда

Энергетика ынтымақтастықтың тірегі

Дәстүрлі түрде Қазақстан мен Италия ынтымақтастығының локомотиві энергетика саласы екені белгілі.

– Біздің еліміз Еуропалық Одаққа мұнай экспорттаушы үш ірі елдің қатарына кіреді. Өткен жылы Қазақстан мұнайының Италия нарығына жеткізілімі 30 млн тоннадан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. Қажет болған жағдайда біз жеткізу көлемін ұлғайтуға дайынбыз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар Қазақстанның көмірсутектерін халықаралық нарыққа жеткізу тізбегіндегі Италияның рөлін жоғары бағалап отыр.

– Біз Қазақстан мен Италияның мұнай саласындағы достығы туралы айтқанда, бұл жай ғана мұнай экспорттау емес, көпжылдық стратегиялық серіктестік туралы сөз екенін ұғамыз. Бүгінде Италия – Еуропадағы басты энергетикалық серіктесіміз. Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі Каспий құбыры арқылы өтіп, Италия порттары арқылы Жерорта теңізіне танкерлермен тасымалданады, – деді мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Kazinform

Бірақ логистика бұл картинаның бір бөлігі ғана. Италиялық Eni компаниясы жылына 20 млрд текше метрден астам газ және 11 млн тонна газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ мұнай-газ кен орнының негізгі инвесторларының бірі. Бұл табиғи газ өтпелі кезеңнің отынына айналып отырған төмен көміртекті энергетикаға жаһандық көшу жағдайында ерекше маңызды болуда.

– Болашақта Қарашығанақ кен орнын игерудің үшінші кезеңін талқылауға қайта оралу қажет. 2009–2010 жылдардағы бағалаулар бойынша, бұл кезеңге салынатын инвестиция көлемі шамамен 25 млрд доллар болған. Қазіргі нарықтық жағдай мен жабдықтардың қымбаттауын ескерсек, бұл сома 50 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл – ел экономикасы үшін үлкен серпін, – деп толықтырды сарапшы.

Теориялық тұрғыдан бұл кен орны қазіргі газ қорымен жыл сайын 100 млрд текше метрге дейін өндіруге қабілетті. Бұл сұйытылған газды жеткізу, сондай-ақ, экологиялық отынды пайдалану арқылы логистиканы Еуропа бағытында дамытуға мүмкіндік.

– Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы келісім 2037 жылы аяқталатынын ескерсек, дәл қазір инвесторлармен келісімді ұзарту және жобаның жаңа кезеңін іске қосу туралы диалогты бастауға оңтайлы уақыт. Сонымен қатар, мұнай-газ жобаларын әрі қарай кеңейту аясында жетекші италиялық өндірушілерден жабдықтар мен технологияларды тарту үшін үлкен әлеует бар. Бұл газды сығу, автоматтандыру, жобалау және экологиялық бақылау салаларын да қамтиды, – дейді А.Исмаилов.

Сарапшы бұл ынтымақтастық тек экономикалық емес, технологиялық серпіліс болуы мүмкін екенін жеткізді. Өйткені италиялық бизнес біздің нарықты жақсы біледі, Қазақстанға сенеді және энергетикалық болашаққа бет алған жолда маңызды серіктес болып қала бермек.

Ұлы Жібек жолының жалғасы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өзекті міндеттердің бірі – құрлықаралық байланысты күшейту. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Ұлы Жібек жолын жаңа негізде қайта жаңғыртуға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Бұл геосаяси тұрақсыздық және жаһандық жеткізу тізбектерінің өзгеруі аясында ерекше маңызды рөл алмақ. Осы тұрғыдан Қазақстан өзін Еуразиядағы көлік, өндірістік және технологиялық хаб ретінде көреді.

Дәстүрлі маршруттарға тұрақты әрі бәсекеге қабілетті балама ретінде Орта дәлізге қызығушылық артуда. Мұны сандардың өзі көрсетіп отыр.

– Өткен жылы осы дәліздің Қазақстан бөлігінде контейнерлік тасымал көлемі 62%-ға артып, 4,5 млн тоннаны құрады. Үш жыл ішінде біз бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Джорджа Мелони Орта дәлізді Орталық Азия мен Италия арасындағы цифрлық және физикалық инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ең перспективалы және тартымды бағыттардың бірі деп санайды. Оның пікірінше, осы жобаны жүзеге асыру бастамасы стратегиялық серіктестіктің маңызды элементіне айналып, жеткізу тізбектері мен тұрақтылықты дамытуға елеулі үлес қосады.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Kazinform агенттігіне берген пікірінде "Қазақстанның бүгінде жаңа маршруттарды дамытып, жаңа форматтарды іздеуі заңдылық әрі келешегі зор жоба" екенін атап өткен.

– Кемелер Африка құрлығын айналып өтіп жатқандықтан, теңіз жолы бүгін айтарлықтай ұзарып отыр. Орта дәліздің жылдамдық жағынан ұтатынын айта келе, жүк жеткізу 15-18 күн ғана алады. Мәжіліс осы уақыт ішінде бұл маршрутты жеңілдететін 5-6 ірі құжатты ратификациялады. Біз кемінде 40 елмен ынтымақтастығымызды нығайттық, – деді депутат.

Білім беру мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық та артып келеді. Қазір шамамен 4 мың қазақстандық студент Италияда білім алып жатыр.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, италиялық технологиялық жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз инженерлік-техникалық білімге ерекше назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Италия энергетика, химия, су ресурстары, финтех және өндірістік тізбектерді басқару салаларындағы технологиялық шешімдер мен құзыреттерді ұсынып отыр. Бұл жұмысқа шағын және орта кәсіпорындардың әлеуетін тарту маңызды. Бұл жай ғана тауар алмасу емес, іскерлік мәдениеттердің өзара байытылуы, жергілікті университеттер мен жастардың технологиялар трансферіне тартылуы.

Maire Tecnimont және басқа да италиялық алып компаниялар қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты бастап кетті. Бұл кадрлық өсім мен технологиялық дербестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

– Біз Қазақстанды тек қызмет көрсету нарығы ретінде емес, жергілікті экономикаға, атап айтқанда, жергілікті кәсіби қауымдастыққа интеграциялану қажет серіктес ретінде қарастырамыз. Жергілікті университеттермен түлектерді жұмысқа қабылдау, олармен жұмыс істеу, білімімізбен бөлісу және оларды Қазақстандағы компаниямыздың дамуына белсенді тарту үшін келісімдер жасадық, – деді Maire Tecnimont бас атқарушы директоры Алессандро Бернини.

Сапар қорытындысы

Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары жай ғана дипломатиялық оқиға емес, елдер арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңінің басталуы. «Орталық Азия + Италия» саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен декларацияда осы серіктестіктің басты міндеттері көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Астана мен Рим энергетика, өнеркәсіп, логистика және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін қуатты базаға ие. Инновациялар, технологиялық алмасу және жылдам өзгеріп жатқан әлем жағдайында өзара іс-қимылдың жаңа формалары бойынша үлкен перспективалар ашылып отыр. Қол қойылған келісімдер, бірлескен технологиялық трансформацияға дайындық, логистика, ESG, агроөнеркәсіп және білім беру салаларына бағытталған бастамалар өзара қызығушылық барын растайды.

Қазақстан үшін бұл – индустрияландыруды жеделдетуге, жаһандық тізбектерге интеграцияны күшейтуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік. Ал Италия үшін Орталық Азиядағы орнын нығайтып, ресурстар мен нарықтарға қол жеткізу, сондай-ақ ЕО-ға өзінің сыртқы экономикалық стратегиясының тиімділігін көрсету мүмкіндігін сыйлады.

«ОА+Италия» алғашқы саммиті мазмұнды өтті, ендігі міндет – саяси ерікті нақты жобаларға айналдырып, серіктестікті жаңа табыс деңгейіне шығару.

Астана мен Рим: италиялық сарындағы қазақ прагматизмі
Фото: Ақорда
Соңғы жаңалықтар