Астана мен Санкт-Петербор 2013-2015 жылдарға арналған өзара тиімді ынтымақтастық Келісіміне қол қойды

Ортақ мәміле нәтижесінде Ресейдің мәдени астанасында «Астана» ірі сауда және іскерлік орталығының бой көтеретіні нақтыланды. Сондай-ақ, ел астанасының даму барысы мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жайы да назардан тыс қалмады. Санкт-Петербордан келген делегаттар көрмеге қосар үлестерін сөз етті. Екіжақты келісімнен кейін қатысушылар ортақ мақсатқа негізделіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істеуге уағдаласты.
«Астана 15 жылдық мерейтойын атап жатыр екен. Байқауымызша, қалада құрылыс қарқынды жүріп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Сіздер өз астаналарыңызды белгілеп, құрылысты жаңа парақтан бастадыңыздар. Бүгінгі қол қойған Келісім екіжақты ынтымақтастыққа әкеліп, қарым-қатынасымызды дамыта түседі деп сенемін», - дейді Санкт-Петербор қаласының губернаторы Георгий Полтавченко.
Айта кетейік, бүгін елордада «Астана - Санкт-Петербор: стратегиялық және инвестициялық әріптестік» бизнес-форумы өтіп жатыр.