10:36, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Астана мен Санкт-Петербор инвестициялық әріптестігінің бизнес форумы өтуде
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ресейлік бизнес өкілдерін «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аумағында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Бұл туралы ол бүгін елордада өтіп жатқан «Астана - Санкт-Петербор: стратегиялық және инвестициялық әріптестік» бизнес форумы барысында айтты.

«Біз ресейлік әріптестерімізге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аумағында барынша қолайлы жағдайды жасауға дайынбыз»,-деп атап өтті И. Тасмағамбетов. Оның сөзіне қарағанда, елорда мен Санкт-Петербор энерго тиімділік технологиясын дамыту және қаладағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында энергия үнемдеуді арттыру, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар бағытында, медицина мен фармацевтикалық өнеркәсіп салаларында ынтымақтасуда. Айта кетейік, форумға Санкт-Петербор губернаторы Георгий Полтавченко, Қазақстандағы Ресей елшісі Михаил Бочарников, сонымен қатар ресейлік делегация құрамында өндірістік және құрылыс өнеркәсіп орындарының басшылары, денсаулық сақтау мен фармацевтика саласының мамандары, іскер топтар мен ғалымдар қатысуда. Қазақстан тарапынан мемлекеттік органдардың, тағам және жеңіл өнеркәсіп, қаржы, логистика, құрылыс, энергетика салаларының өкілдері келді. Форум барысында екі қала кәсіпкерлерінің өзара келіссөздері ұйымдастырылды.