Астана мен Жаңаөзенде Ішкі әскерлерінің жаңа әскери қалашықтары пайдалануға беріледі
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылы Астана мен Жаңаөзенде Ішкі әскерлерінің жаңа әскери қалашықтары пайдалануға беріледі.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына 22 толуына орай өткен салтанатты шарада Ішкі әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхаммедқали Сатов мәлім етті.
«Елордада ішкі әскерлерінің қалашығы бой көтереді. Биыл ішкі әскер құрамын сонда ашамыз. Онда біріншіден, сарбаздарымызға арналған жатақхана, асхана, клуб және офицерлер мен шарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлерге 120 пәтерлік тұрғын пайдалануға беріледі. Қалашық 2014 жылдың соңында ашылады», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында ішкі әскерлерінің тағы бір қалашығы салынуда. Ол жерде қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Штаб пен жатақхана пайдалануға берілген. Биыл онда автобаза мен офицерлерге арналған тұрғын үй құрылысы аяқталмақ.