"Astana Minerals & Metallurgy-2010" конгресі өзінің жұмысын аяқтады

СТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - Шілденің 1-інде Астанада 1-ші Қазақстандық халықаралық минералдық ресурстар және металлургия жөніндегі "Astana Minerals & Metallurgy-2010" (АММ-2010) конгресі өзінің жұмысын аяқтады. Екі күннің барысында әлемнің 9 елінен келген 400-ден астап қатысушылар металлургия саласының әлемдік тұрғыдағы даму мәселелері мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Конгрестің баспасөз қызметі.
None
None

Металлургия саласының өркендеу және өзгеру проблемаларын талқылаудың нәтижесінде, Конгреске қатысушылар қарарды мақұлдады, онда металлургиялық сектор аймақтар мен елдердің экономикасындағы алдыңғы қатардағы орынын сақтауын жалғастыратыны және оларды одан әрі дамыту беталыстарын айқындайтыны атап өтілді. Құжатта үкіметтер мен қоғамның экожүйелерді орнықты дамыту және сақтап қалу принциптерін ескере отырып, нарықтар мен бәсекелестікті өзгерту мақсатында ғалами масштабтағы ынтымақтасуының қажеттілігі атап көрсетіледі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев, АММ-2010 конгресінде сөйлеген сөзінде, Қазақстанның алтын өндіру саласының кең перспективаларын атап өтті: «Бізде 2015 жылға қарай 70 тоннадан астам алтын өндіруге шығуға және әлемдегі қазіргі таңда жақсы бағаға ие осы металлды ең ірі өндірушілердің біріне айналуға мүмкіндік бар».

Елбасы елді жеделдете индустрияландыру бағдарламасын іске асыру ауқымында 2015 жылға қарай Қазақстанның кен-металлургиялық секторы шығаратын өнімнің көемін екі есе ұлғайту міндетін алға қойды. Бағдарлама болат шығаруды қазіргі 4 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді. Қуаттылығы жылына 440 мың тонна көміртек құрамы жоғары ферроқорытпалар өндіру бойынша жаңа цехтың құрылысы жүргізілуде.

«Осы мақсаттарға жету үшін, бізде барлық резервтер бар, тек оларды сапалы пайдалану керек», - деп атап айтты Елбасы.

Президент сондай-ақ жаңа технологиялар әзірлеуде және өндіріске енгізуде мемлекеттің, жекеше сектор мен Қазақстанның ғылыми-инженерлік корпусының күштерін жұмылдыру қажеттілігін атап өтті.

«Қазақстанда металлургиялық сектордың ғылыми-техникалық базасы дәстүрлі түрде мықты, бізге оны дамытуды жалғастыра беру керек. Осыған байланысты, жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде, Шығыс Қазақстан облысында Металлургия орталығын құру туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады Н. Назарбаев.

Қазақстанның Президенті атап өткендей, Орталықтың жұмысы саланың кәсіпорындарын технологиялық жаңартуға, отандық ғылым мен технологияларды дамытуға, озық әзірленімдерді өнеркәсіптік енгізуге бағытталатын болады.

Жер қойнауын пайдаланушыларды нақты міндеттемелерін орындауға шақыра отырып, Н.Назарбаев келісімшарттық шарттарды орындамағаны үшін кен орындары бұзушылардан алынып қоятынын және «ол кен орындарын анағұрлым тиімді пайдаланатын және қаражат жұмсайтындарға» қайта берілетінін айтты.

Саланың ең ірі компанияларының өкілдері өздерінің өндірістік жоспарларымен таныстырып өтті.

Мәселен, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) бас директоры Феликс Вулис жақын алдағы бес жылға 5,8 миллиард доллар көлемінде ENRC күрделі шығындарының орташа мерзімдік бағдарламасының бекітілгенін, олардың 5,3 миллиарды Қазақстанда инвестицияланатынын мәлімдеді. Вулис мырза компанияның Ақтөбе ферроқорытпалар зауытындағы бірнеше маңызды жобасы туралы - қуаттылығы 440 мың тонна ферроқорытпаларды құрайтын төртінші балқыту цехының құрылысы жүріп жатқаны, оны 2012 жылға қарай аяқтау жоспарланып отырғаны жайында әңгімеледі. Сонымен қатар, ENRC Ақсу ферроқорытпалар зауытында қуаттылығы 350 мың тонна агломерациялық фабриканың екінші кезегін іске қосуды көздеп отыр. Соколов-Сарыбай кен-өндірістік бірлестігінде 20 миллион тонна рудаға шақталған жаңа байыту фабрикасы мен қуаттылығы жылына 5 миллион тонна жаңа күйдірілген жұмыршықтар цехының құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі ақтық сатысында тұр.

«Сондай-ақ біз қуаттылығы жылына 1,8 миллион тоннаны құрайтын ыстық кесектелген темір өндірісі бойынша зауыт тұрғызбақпыз. Біз күйдірілген анодтар өндіру бойынша зауыттың құрылысын (Павлодарда) жалғастырып жатырмыз, инвестициялар шамамен 250 миллион долларды, ал қуаттылығы - жылына 150 мың тонна анодтарды құрайтын болады: бұл осы өнімді Қытайдан импорттаудан құтылуға мүмкіндік береді», - деді Ф.Вулис.

Сонымен қатар ENRC Ақсу ЖЭС-ының қуатын 1200 МВт ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда.

Конгреске қатысушылар сондай-ақ кен металлдарымен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік техникасынан бастап, инновациялық жобалардың нәтижелеріне дейін мәселелердің елеулі ауқымын талқылады. Маңызды шолуларды «үлкен төрттіктің» өкілдері берді.

Конгрестің шеңберінде «Тау-Кен Самұрық Қазақстан» ұлттық кен-руда компаниясы» АҚ мен әлемдегі ең ірі халықаралық кен өндіруші компаниялардың бірі «Рио Тинто Майнинг энд Эксплорейшн Лимитед» арасында қатты пайдалы қазбаларды барлау және игеру бойынша бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Кәсіпорын паритеттік негізде (50% де 50% қатысу үлестерімен) құрылады.

Сондай-ақ Конгрестің ауқымында канадалық «Ivanhoe Mines» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Роберт Фридлэнд Қазақстанның аумағында орналасқан ең ірі алтын кен орындарының бірі «Бақыршықты» қазбалау бойынша жобамен таныстырды. Сонымен қатар, Фридлэнд мырза тұңғыш рет әлем қоғамдастығын алтынды рудадан шығарудың «Ivanhoe Mines» компаниясымен әзірленген бірегей технологиямен таныстырды .

Іс-шараның барысында Президент Н. Назарбаев Қазақстанның жетекші кен-металлургиялық компанияларының барлығы таныстырылатын көрме экспозициясына кіріп шықты. «Қазақмыс» ПЛС стендінде Президент басқарма төрағасы Эдуард Огаймен кездесті. Келесі стендте Президентті «ENRC» бас атқарушы директоры Феликс Вулис мырза қарсы алды. Ол Елбасын «ТНК Қазхром» АҚ-ның құрамына кіретін Ақсу ферроқорытпалар зауытының құрылысы салынып жатқан агломерациялық цехының макетімен таныстырды. «Арселор Миттал Темиртау» АҚ бас директоры Френк Панир Президентке өндірісті жаңарту бойынша толық масштабты жобаны көрсетті.

Көрменің жұмысының барысында өзара пайдалы келісімшарттар мен келісімдердің бірқатарына қол қойылды.

Конгрестің делегаттары мен жобаға қатысушылар Қазақстандық Конгресс шын мәнінде халықаралық аренаға шықты деп біледі. Салалық іс-шараның барысында басқа елдер мен құрлықтардан: Белорус, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Украина, Өзбекстан, Африка мен Канададан келген баяндамашылар да өз пікірлерін білдіріп, проблемаларға өз көзқарастарын ұсынды.

АММ-2010 Конгресі Елорда күнін тойлау бойынша іс-шаралар бағдарламасының ауқымында болып өтті.

Соңғы жаңалықтар