«Астана-Омбы» бағытындағы жолаушылар автобусы қар құрсауынан құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар өңірлерінде сапарға шыққан автокөліктер қар құрсауында қалып қойған.
None
None

Атап айтқанда, Ақмола облысының «Егіндікөл-Новочеркасское» тас жолында 3 жолаушылар шағын автобусы мен 5 жеңіл көлік (27 адам), ал «Макинск-Степногорск» тас жолында Мамай-Сәуле елді мекендерінің арасында 4 жеңіл және 2 жүк көлігі (16 адам) қалып қойған. «Қазақавтожол» РМК Ақмол облыстық филиалының ДРСУ-2 көмегімен жол тазаланып, жолаушылар өз сапарларын жалғастырған.

Ал Сандықтау ауданындағы «Лесное-Приозерное» тас жолының 23-шақырымында 5 жеңіл автокөлік жолда қалып қойған. Облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің күшімен жолаушылар қардан тазартылған жолға шығарылған. Сондай-ақ Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Самара-Шымкент тас жолында түскі сағат 14.15 шамасында көптеген автомобильдер жолда бөгеліп тұрып қалған. Өрт сөндіру қызметкерлерінің, жергілікті кәсіпорындардың және «Қазақавтожол» РМК көмегімен қар құрсауынан 360 адам, оның ішінде 36 адам шығарылып, Ақтөбе және Хромтау қалаларына жеткізілген. Ал Қостанай облысының Меңдіқара ауданында Боровое және Молодежное ауылдарының арасында 21 автокөлік пен 1 жүк көлігі (барлығы 76 адам), ал Алтынсарин ауданында 11 автокөлік (23 адам) қалып қойған. Облыстық төтенше жағдай қызметкерлерінің және басқа да жергілікті кәсіпорындардың көмегімен жолаушылар аман-есен таза жолға шығарылып, сапарларын жалғастырған. Солтүстік Қазақстан облысында кеше «Новоишимское - Петропавловск» және «Қаратал - Кривощеково» тас жолдарының әрқайсысында 25 автокөліктен қалып қойса, «Дмитриевка - Степное» автокөлік жолында 50 көлік (70 адам) қарға бөгеліп қалған. Сондай-ақ «Қаратал - Қоскөл» (15 көлік - 60 адам), «Сергеевка - Қаратал» (15 көлік - 23 адам) тас жолдарында, «Дәуіт - Совхозное» жолында (20 көлік) осындай оқиға орын алған. Ал бүгін түнде сағат 03.45-те «Чкалово-Совхозное» тас жолында қар құрсауында «Астана-Омбы» бағытымен бара жатқан ішінде 13 жолаушысы бар жолаушылар автобусы қалып қойған. Жолаушылар қардан тазартылған жолға шығарылып, қайта жолға шыққан. Жалпы, ел аумағында өткен тәулікте 1140 адам мен 296 техника қар құрсауынан шығарылды.

Соңғы жаңалықтар