Astana Open: Жібек Құламбаева екінші айналымға шыға алмады
Қазақстандық теннисші беташар кездесуін осы жарыстың екінші ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен өткізді.
Бірінші партияда бельгиялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Жібек қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынды жалғастыра алмады. Ақыры тәжірибелі қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберді.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 21 жастағы Құламбаева 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Бельгиялық теннисші 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Ж.Құламбаева енді Гөзал Айнитдиновамен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.
Астана додасында ертең Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Анна Данилина кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open WTA турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болғанын, Тимофей Скатовтың ATP рейтингісінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған едік.