«Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Астана Опера» театрының сахнасында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Екі актілі қойылым Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанды.

р
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мәдениетті дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дәріптеуге айрықша мән беріп келеді. Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын арқау еткен «Томирис» балеті тарихи сананы жаңғырту және ұлттық мұраны қастерлеу идеясын өнер арқылы жеткізеді. Қойылым Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының кіріспесінде айқындалған құндылықтармен үндеседі.

қойылымы
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Премьераны Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька, агенттіктің бас директоры Оливер Неггли, драматург Ермек Аманшаев, театр және музыка сыншысы, Әзербайжан ұлттық консерваториясының профессоры Улькяр Алиева, италиялық кино және телевизия қайраткері, жазушы Марко Маррокко, италиялық маэстро Джузеппе Акуавива, Құрылтай депутаттары, Халықаралық Олимпиада комитетінің, Халықаралық Паралимпиада комитетінің және ұлттық допингке қарсы ұйымдардың басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, отандық және шетелдік мәдениет пен өнер қайраткерлері тамашалады.

Қырықбаев
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Балет идеясына сақ патшайымы Томиристің өмір жолы негіз болған. Басты кейіпкердің тағдыры арқылы азаттық, отансүйгіштік және адалдық секілді құндылықтар дәріптеледі.

«Томирис» – «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы арнайы әзірлеген тұңғыш толыққанды екі актілі ұлттық балет. Музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазған. Қоюшы хореографы – Сұлтанбек Ғұмар, либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев.

қойылымы
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қойылымда классикалық балет үлгілері, қазақ биінің элементтері, ұлттық әуен мен заманауи хореография үйлесім тапқан. Сахнаны көркем безендіру және жарық беру тұжырымдамасын жапониялық сценограф Йоко Сеяма әзірледі. Ал костюм суретшісі Дариға Тайшықова сахналық киімдерді дайындауда сақ дәуірінің ерекшелігін негізге алған.

в
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Спектакль аяқталған соң, Арман Қырықбаев театрдың шығармашылық ұжымымен кездесіп, премьерамен құттықтады. Министр өз сөзінде ұлттық мәдени мұрамыздың байлығын танытатын төл туындыларды сахналаудың айрықша маңызын атап өтті. Сонымен бірге қойылым авторларына, көркемдік жетекшілерге, әртістерге және спектакльдің сахналануына атсалысқан барша театр мамандарына алғыс білдірді.

«Томирис» балетінің әлемдік премьерасы еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Жаңа туынды театр репертуарын байытып қана қоймай, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын заманауи сахна өнері арқылы кеңінен насихаттауға жол ашты.

Айта кетейік, Астанада түрік киносы күндері басталды.