Астана Опера театры отандық авторлардың музыкалық шығармаларынан концерт ұйымдастырады

Тыңдарман назарына танымал композиторлардың шығармашылығымен қатар, жастардың да туындылары ұсынылады, атап айтсақ: К. Дүйсекеев, Б. Қыдырбек, С. Әбдінұров, С. Еркімбеков, Т. Мұхамеджанов, А. Тани, А. Тоқсанбаев, Т. Жармұхамет, А. Мұхитдинов, Б. Аманжол, В. Стигорцкий-Пак, Е. Өміров, Ж. Әділов, Ә. Әбдінұров, С. Тұяқова.
Кештің бірінші бөлімінің бағдарламасы жеке және аспапты ансамбльдің орындауындағы туындылардан тұрса, екінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрі өнер көрсетеді.
Замандас композиторларымыздың шығармалары жазу техникасының озықтығымен, бояуларының үйлесімділігімен және құрылымының ырғақтылығымен ерекшеленеді. Б. Дәлденбайдың «Кварта-квинта» композициясындағы ішекті оркестрдің аспаптары домбыраның орнын басады. Х. Сетековтің әзіл-сықақты №2 скерцосының суреттемесі философияның лебі есетін лирикалық әуендермен қызықты байланысқа түседі.
Маэстро Абзал Мұхитдинов, мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығында тыңдарман назарына отандық авторлардың шығармаларын ұсыну арқылы композиторлық мектебіміздің қандай бағытта дамып келе жатқанын ұғыну, өте маңызды екендігін атап өтті.
- Қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларынсыз Қазақстанның музыка әлемінің көрінісі толық болмас еді. Бұл шығармалар қазақстандық авторлардың камералық-аспаптық шығармаларының кейбір кемшін тұстарын толықтырып тұрады. Жас композиторлар үшін, жаңа туындыларының «Астана Опера» сынды үлкен сахнада орындалуы - үлкен мүмкіндік. Бұл концерт олардың алдағы шығармашылығына шабыт береді деп ойлаймын, - дейді дирижер.