«Астана-Орал» бағыты бойынша пойыз шығару - мемлекетке де, халыққа да тиімді - Мәжіліс депутаты Ш.Өтемісов

коммуникация кешенінің басты мақсаты еуразиялық көлік жүйесіне кірігу болып қала береді.
Көлік-коммуникация кешенін дамыту Еуропа мен Азия ортасындағы аралық көпір болып отырған еліміздің геостратегиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалануды толығымен қамтамасыз етуге тиіс», - деп атап өткен болатын.
Қазақстанның Ресейдің бес облысымен шекаралас жатқан Батыс Қазақстан облысының да өзіндік проблемалары бар. Әсіресе, көлік қатынасын реттеу мәселесі өз шешімін күтіп тұр. Бұл мәселе туралы Қазақ Ақпарат агенттігінің тілшісіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, осы Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов өз пікірін білдірді.
- Шавхат Әнесұлы, Сіз депутат болып сайланғанға дейін Батыс Қазақстан өңірінде туып-өсіп, қызмет істедіңіз. Қазір ол өңірді толғандырып отырған мәселелердің бірі деп нені айтар едіңіз?
- Мен үшінші сессияның соңғы күндерінде Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың атына сауал жолдап, бір мәселе көтердім. Оған себеп болған жайт - Орал мен Астана қалаларының арасындағы темір жол қатынасы. Бүгінгі таңда тұрғындарды жол қатынасы қинап отыр. Ақ Жайық өңірі мен Елордамыздың арасын тіркемелі екі вагон ғана жалғастырып тұр. Оның бірі - купе, екіншісі - плацкарт. Екі вагонды қосқанда 90 орын болады. Ал облыстың тұрғыны 600 мыңнан асады. Сондықтан ол ешқандай сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Оралдың да, Астананың да вокзалында билет іздеп жүрген адамды күнде көресің.
Астанаға жетудің және бір жолы бар, ол - Киев-Астана пойызы арқылы. Бірақ жолаушылар үшін ол жолмен жүрудің көптеген қиындықтары бар. Біріншіден, ол аптасына төрт рет жүреді. Екіншіден, пойыз Орал қаласынан кейін Ресейдің екі облысының территориясы арқылы өтеді. Әр түрлі кеден, шекара, санэпидемологиялық және басқа да көптеген тексеру процедураларынан өту көп уақытты алады. Айталық, Қарталы станциясында пойыз үш сағат бойы тұрады. Ешбір жолаушы сыртқа шығарылмайды, вагондарда қамалып отырады. Әрине, лаңкестер мен іздеуде жүрген қылмыскерлер, ұры-қарылар, есірткі мен контрабандалық заттарды сатушылар өтіп кетпеуі үшін қатаң тексерудің болғаны дұрыс. Дегенмен түні бойғы тексеру халықты шаршатады. Сонымен қатар Оралда тұрып, Киевтен келе жатқан пойызға алдын ала билет ала алмайсың. Бұл билеттің бар-жоғы пойыздың келуіне үш сағат қалғанда белгілі болады. Жолға дайындалып келген адамға кассир: «Орын жоқ, билет сатылмайды», деуі де мүмкін. Сондай жағдайда не істейді?! Және бір түйткілді мәселе - билеттің құны. Мысалы, Оралдан Ақтөбе арқылы келетін тіркемелі купе вагонға отырсаңыз, билеті 5-6 мың теңгенің көлемінде. Ал Киев-Астана пойызының купесі 15 мың теңгенің үстінде. Тек барып-келу жолақысы әр адамға 30 мың теңгеден асады. Сол себепті бұл қарапайым халыққа ауыр тиетіні анық.
Осы жайттың бәрін ескере келіп, біз - бір топ депутат болып Орал мен Астана қалаларының арасында жүретін пойыз шығару туралы ұсыныс жасап отырмыз. Өтінішімізді Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың атына жібердік.
- Сіздің ұсынысыңызды әріптестеріңіз қолдады ма?
- Иә. Тек батыс өңірінен сайланған депутаттар ғана емес, басқа әріптестерім де қолдау білдірді. Депутаттық сауалдың соңына қолдарын қойды. Соның ішінде Маңғыстау өңірінде туып-өскен Зейнолла Алшымбаев ағамыз бірден қолдады.
- Еліміздің өзге өңірлерінде автокөлік, темір жол инфрақұрылымы біркелкі жақсы дамыған. Сіз Мәжілісте осы мәселені көтергенде, басқа әріптестеріңіз естіп, бүтін бір облысқа екі вагон жүретініне таңғалып жатқан шығар?
- Әрине, депутаттар «Шынымен де солай ма?» деп сұрап жатыр. Сіздің әріптестеріңіз - журналистер де үзіліс кезінде микрофон ұсынып: «Қай кезден бері осындай жағдай орын алды?»- деп сұрайды. Мен бұрын да, Астана Елорда болғалы осылай екенін мәлім еттім. Журналистер де «Қалай 600 мың тұрғыны бар өлкеден тек тоқсан адам ғана келе алады?» таңғалып жатыр.
Әсіресе, халық жаз айларында қатты қиналады. Қыста жүретіндер билетті бір ай бұрын сатып алады. Жазда студенттер көп жүреді, емделуге келетіндер бар, тіпті Астананы көру үшін келетін адамдар қаншама? Бір ескеретін жайт, автокөлік жолымен қатынау да оңай емес. Орал мен Астананың арасы екі мың шақырым. Ұшақтың билеті 30 мың теңгеге жуық. Егер жаңа пойыз шығарылса, көптеген түйткілді мәселелер шешімін табар еді.
- Жаңа пойыз ашуға елдің мүмкіндігі бар ма?
- Менің ойымша, қазіргі уақытта бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын батыс аймағына тікелей жол ашылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алуымен, тікелей қадағадауымен Алтынсарин-Хромтау темір жолы салынып, пайдалануға берілді. Ол 402 шақырымды құрайды. Әрбір қаржы есептеулі заманда мұндай жол салу біздің мемлекетіміздің әлеуетін көрсетеді. Жаңа темір жолы ашылғанда халықтың қуанышында шек болған жоқ. Ол тек Қостанай мен Ақтөбе облыстарын қосқан жоқ, Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстандағы облыстарды Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау өңірлерімен тікелей жалғастырды. Қазір кейбір қызылордалықтар Ақтөбе арқылы да қатынауда.
Аталған темір жолды салу арқылы Ресей территориясына кірмей, қосымша тексерулерсіз-ақ өз азаматтарымыз бір өңірден екіншісіне барып келе алатын болды. Ендігі міндет - осы салынған жолдың барлық мүмкіндігін пайдалану. Бүгінгі таңда Ақтөбе мен Ақтаудан келетін пойыздар жүріп жатыр. Күніне бір-екі поезд ғана өтеді.
- Еліміздің батыс өңірінің осы проблемасын шешу үшін жаңа пойыз шығарылса, ол өзін ақтай ала ма?
- Бұл мәселені көтерерде осы саламен айналысатын көптеген адамдармен пікір алмастық. Мамандардың айтуына қарағанда, бұған дейін шетелден вагондар сатып алу мәселесі ғана кедергі болып келген көрінеді. Бірақ қазір өзіміздің вагон шығаратын зауыттарымыз іске қосылды. Астанада локомотив жасайтын зауыт та ашылды. Сондықтан аталған министрлік халықтың мұң-мұқтажына көңіл қойып, нақты айналысса, бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Және жаңа пойыз шықса, ол өзін-өзі ақтайды. Елордаға келетін адамдардың саны өте көп. Айталық, Оралдан шыққан пойызға жолдағы Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарының тұрғындары да билет алуына мүмкіндік туары сөзсіз. Бірінші кезекте, халықтың көріп отырған қиындығын жеңілдетер еді. Оған қоса сол аймақтың экономикалық, әлеуметтік дамуына өз септігін тигізеді.
Пойыз шығаруға қазір мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені бұрын Ресей арқылы айналма жолмен жүру керек болды. Ол үшін көрші мемлекетпен келісімшарттарға қол қою қажет, оның процедурасы өте көп, олар келісе ме, келіспей ме, пойыздардың кестесі өзгереді, осы секілді көптеген проблемалар туындар еді. Ал қазір елдің ішкі мәселесін өзіміз шешуіміз қажет. Мен ешқандай кедергіні көріп тұрғаным жоқ.
«Астана-Орал» бағыты бойынша пойыз шығару - мемлекетке де, халыққа да тиімді. Тұрғындардың қарым-қатынасының жақсарғаны өз алдына, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға да жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашады. Жайық өңіріндегі кәсіпкерлер Ресейдің көрші облыстарына бармай, Астанаға келіп, әріптестік байланыс орнатып, өзіне қажетті жобаларды, құжаттарды алуына толық жағдай жасалады. Мемлекетіміздің барлық жаңалығы да, игі бастамалары да Астанадан тарайды ғой!
- Ұсынысыңыз қолдау табуына тілектеспін. Рақмет әңгімеңізге.