«Астана-Өскемен» автобусының жүргізушісі ұрыны ұстап берді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қаңтар айының соңғы күні Екібастұз полициясының қызметкерлері «Астана-Өскемен» қалааралық автобусы жүргізушісінің көмегімен қоғамдық көлікте үш жолаушыдан 240 мыңнан астам теңге ұрлаған Ақтоғай ауылының 32 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлады Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Сағат түнгі екілерде көліктегі жолаушылардың бірі 120 мың теңге ақшасын жоғалтқанын айтқан. Автобустың жүргізушісі Шідерті кентіне жақындағанда полицейлерді шақыртып, олар келгенше ешкімді тысқа шығармаған. Жолаушыларды сұрау кезінде тағы екі жәбірленушінің бар екені, олардан 120 мыңнан астам теңге ұрланғаны анықталған.
Жолаушылардың бірі автобус келе жатқанда бірнеше рет орын ауыстырғаны белгілі болды. Күдікті жолаушылардың арасында ұйықтап қалғандарын, киімдерін және жеке заттарының қайда қойғанын бақылап отырған.
Одан айғақ заттар табылды. Қазіргі кезде күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды, сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.