«Астана» ойыншысы футболдан әлем чемпионатына қатысады

АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Астана» командасының ойыншысы Иван Башич Босния және Герцоговина құрамасы сапында 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысады.

 Иван Башич
Фото: «Астана» футбол клубы

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Астана» футбол клубының ойыншысы Иван Башич елінің ұлттық құрамасына шақырту алды. Бір айдан кейін ол Босния және Герцеговина құрамасымен бірге әлем чемпионаты додасын бастайды. Топтық кезеңдегі қарсыластары - Канада, Швейцария және Қатар.

Иван Башич 2002 жылы 30 сәуірде дүниеге келген. Футболшы Боснияның «Зриньски» клубының түлегі. Соңғы жылдары Ресей чемпионатында «Оренбург» сапында ойын көрсетті. Ол «Астана» сапында 8-нөмірмен жасыл алаңға шығады.

2023 жылдан бері ол Босния және Герцоговина құрамасы сапында ойнайды.

Беделді бәсекеге алғаш рет 48 құрама қатысады. Әрбір топтан алғашқы екі орындағы екі құрама, үшінші орын алған 12 құрамадан үздік көрсеткішке ие болған сегіз құрама 1/16 финалға шығады.

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жарыс қожайындары - АҚШ, Мексика, Канададан өзге бұған дейін Еуропадан - Франция, Хорватия, Португалия, Норвегия, Нидерланд, Германия, Бельгия, Аустрия, Швейцария, Испания, Шотландия, Англия, Түркия, Швеция, Чехия, Босния және Герцоговина, Азиядан - Жапония, Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Иордания, Аустралия, Сауд Арабиясы, Қатар, Оңтүстік Америкадан - Аргентина, Бразилия, Эквадор, Колумбия, Парагвай, Африкадан - Марокко, Тунис, Мысыр, Алжир, Гана, Кабо-Верде, Оңтүстік Африка, Сенегал, Кот-д’Ивуар, Конго Демократиялық Республикасы, Солтүстік Америкадан - Кюрасао, Гаити, Панама, мұхит аймағынан - Жаңа Зеландия жолдама алған еді.

Дүбірлі дода барлығы 39 күнге (11 маусым-19 маусым) созылып, АҚШ, Канада, Мексикада өткізіледі.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде. Қазірге дейін отандастарымыз Уэльстен екі мәрте (1:3, 0:1), Солтүстік Македониядан (0:1), Бельгиядан (0:6) есебімен жеңіліп, Солтүстік Македония және Бельгиямен (1:1) тең түссе, Лихтенштейнді (4:0, 2:0) екі мәрте тізе бүктірді.