Иван Башич «Астана» футбол клубы сапына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM - Босния және Герцеговина құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Башич «Астана» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды.

Иван Башич
Фото: «Астана» футбол клубы

Иван Башич 2002 жылы 30 сәуірде дүниеге келген. Футболшы Боснияның «Зриньски» клубының түлегі. Соңғы жылдары Ресей чемпионатында «Оренбург» сапында ойын көрсетті. Ол «Астана» сапында 8-нөмірмен жасыл алаңға шығады.

2023 жылдан бері ол Босния және Герцоговина құрамасы сапында ойнайды. 

Биыл елордалық команда UEFA Конференция лигасында ел намысын қорғайды. 

Айта кетсек, «Астана» футболдан Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі ойынын Молдованың «Зимбру» командасына қарсы өткізеді.

Алғашқы матч 24 шілде күні «Астана Арена» стадионында, ал қарымта кездесу 31 шілдеде Кишинев қаласында өтеді.

Елордалық клуб бұдан бұрынғы жылдарда Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы топтық және Конференция лигасы негізгі кезеңінде бақ сынаған.

Соңғы жаңалықтар