«Астана-Петропавл» трассасында бірнеше көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды
Ақмола облысы аумағында «Астана-Петропавл» тас жолының 105 шақырымында бірнеше көлік соқтығысып, жол апатынан 1 адам көз жұмып, 5 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 29 желтоқсанда сағат 13:18-де Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабар түскен.
«Анықталғандай, жол апатынан 16 көлік құралына (3 «Газель», 4 жүк көлік және 9 жеңіл автокөлік) зақым келді. Жеңіл көліктің 28 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, тағы 5 адам түрлі дене жарақатымен Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілді», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған») іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бұдан бұрын да Ақмола облысында бірнеше көлік соқтығысқанын жазған едік.