Астана полицейі кішкене баланың 10-шы қабаттан құлауына жол бермеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың полиция қызметкері Ділшад Тойшыбаев 4-5 жасар қыз баланың 10-шы қабаттан құлап кетуіне жол бермеді. Баланың анасы Мәдина Жұмабекова тәртіп сақшысына алғыс білдірді, деп хабарлады Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«4 сәуірде Астана қалалық ІІД Жедел басқару орталығына елорда тұрғынынан Сарыарқа көшесіндегі үйдің 10-шы қабатының терезесіне 4-5 жастағы бала шығып, айқайлап жатқанын және кез келген сәтте төмен құлап кетуі мүмкін екендігі жөнінде хабар», - делінген хабарламада.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Ділшад Тойшыбаев оқиға орнына келіп, басқа шұғыл қызметтермен байланысты.
Оның айтуынша, оныншы қабаттағы ашық терезенің жақтауында кішірек қыз бала тұрған. Баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын көріп, полиция қызметкері оныншы қабатқа көтеріліп, пәтер есігін қағады. Абырой болғанда, қыз бала терезеден кетіп, есікке барады.
Полицей есіктің ар жағында тұрып, қыз баламен әңгімеге алдарқатып, анасы көп ұзамай келетінін айтып жұбатқан. «Сол кезде оқиға орнына келіп жеткен Астана қалалық ІІД-нің қызметкерлері пәтердің ішіне терезе арқылы кірген. Полиция қызметкері баланың анасымен хабарласқан. Бала аман-есен анасының қолына тапсырылды», - делінген хабарламада.
Бұл - елорда полицейлерінің биік үйлерден құлаудан аман алып қалған үшінші бала.