Астана полицейлері ата-аналарға автоорындықтарды дұрыс таңдауға кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері көлікте балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігі жөніндегі насихат жұмысын жүргізуде.

Астана полицейлері ата-аналарға автоорындықтарды дұрыс таңдауға кеңес берді

Осындай шаралардың бірі елорданың №37 орта мектебінде өтті. Бұған төменгі сынып оқушыларының 150-ден астам ата-анасы шақырылды, деп хабарлайды astana. kz

Елордалық полицейлер балаларға арналған автоорындықтар мен арнайы құралдардың түрлері және баланың жасына сәйкес аталмыш автоорындықты қалай дұрыс таңдау керектігін нақтылап жеткізді.

Жолаушылар қатарында балалардың ең осал топ болып табылатыны белгілі. Жол апаты кезінде ересек адамдарға қарағанда сәбилер едәуір көп зақым алады. Балалардың бірқатары ата-ананың ескермей, қауіпсіздік белдігін тақпауының салдарынан зардап шегеді.

Сондай-ақ аталмыш сала мамандары ата-аналарға арнайы краш-тесттерді, автоорындақтардың балалар өмірін қалай сақтап қала алатындығы туралы әлеуметтік роликтер көрсетті.

Астана қаласы ІІД ӘПБ аға инспекторы Лариса Красникованың айтуынша, перзентханаларда, жалпы білім беретін және мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде өткізіліп жатқан "Бала - басты жолаушы" деп аталатын кең ауқымды акция көлік жүргізетін ата-аналарға автоорындықтардың маңыздылығы туралы көп мағлұмат береді.

Жыл басынан бері еліміздің автожолдарында жол апатынан 6 бала көз жұмса, 17 жеткіншек ауыр жарақат алды.

Полицейлердің мәліметінше, шет елдерде өткізілген арнайы ғылыми зерттеулер нәтижесінде автоорындықтар жол апаты кезінде балалардың өлімін 80%, ауыр жарақат алуды 64-80%, жеңіл жарақатты 70% төмендетеді.

Сондай-ақ шара барысында полиция қызметкерлері мен автоорындықтар бойынша мамандар ата-аналардың көкейкесті сауалдарына жауап беріп, оларға ақпараттық кітапшалар таратты.