Астана полицейлері үшінші қабаттан құлап кету қаупі туындаған екі бүлдіршінді құтқарып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлері полиция аға сержанты Қайрат Тілтаев пен полиция сержанты Серік Қайдаров жатақхананың үшінші қабатынан терезеден құлап кету қаупі төнген үш-төрт жастағы балаларды аман алып қалды.

 Астана полицейлері үшінші қабаттан құлап кету қаупі туындаған екі бүлдіршінді құтқарып қалды

Астана ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, 19 ақпанда сағат 16-ларда патрульдеу кезінде полицейлер үшінші қабаттың тар ернеуінде келе жатқан екі баланы байқап қалады. Балалардың кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екендігін көрген полицейлердің бірі терезе астында қалып, оларды ішке кіруге үгіттеген. Сәтін салғанда олар айтқанға көнген. Осы кезде уақыт жоғалтпай екінші полицей жатақхана ғимаратына көтерілді.

Артынша, полиция қызметкерлері балалардың ата-анасымен және жатақхана тұрғындарымен бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмау жайында әңгімелесті.

Бұдан басқа, олар қауіпсіздік техникасы туралы нұсқама жүргізді. Жатақхана әкімшілігі келешекте осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін терезелерді арнайы қорғаныс жабдықтарымен нығайтты.