Астана полициясы пәтерлердің терезесіне балалар үшін қорғаныс құрылғыларын орнатуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полиция жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғын үйлердің терезелеріне балалар үшін қорғаныс құрылғыларын орнатуды ұсынып отыр.

Астана полициясы пәтерлердің терезесіне балалар үшін қорғаныс құрылғыларын орнатуды ұсынды

«Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 6 айда балаларға қатысты 50 жазатайым оқиға тіркеліп, оның 11-і адам өліміне алып келді»,-деді елорда ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғосман Жакин.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың үйлердің терезелерінен құлауы оқиғаларының басым бөлігі ересектер үйде жоқ кезде немесе ата-аналардың өз балаларының қауіпсіздігіне немқұрайды қарауына байланысты орын алады.

Жарты жылда осындай 10 оқиға тіркелген және оның екеуінде балалар қаза тапқан.

Бұндай жазатайым оқиға соңғы рет 9 шілдеде тіркелген, яғни, 6 жасар қыз алты қабатты үйдің терезесінен құлап кетті. Қазіргі кезде баланың жағдайы өте ауыр.

Мамандар москитті торлар балаларды қорғамайтынын және олардың бекітілуі салмаққа арналмағанын атап өтуде. Сондықтан пәтерлердің терезелері арнайы қорғаныс құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.