Астана полициясы жоғалып кеткен 11 жастағы қызды тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полициясы 11 жастағы Жамал Бекетованы тауып алды, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, 19 мамырда шамамен сағат 23.00 «Алматы» аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне астана тұрғыны 11 жасар қызының үйден кеткенін және оның қазір қайда екені белгісіз екенін айтып жүгінген болатын.
Кәмелет жасқа толмаған баланы іздеу жұмыстарын ІІД басшылығы бақылауына алды. Полицияның кешенді құрылымдарының қосымша жасақтары тартылды. Іздеу жұмыстарына криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, Астана қ. ювеналды полициясының жеке құрамы қосылды.
Нәтижесінде Жамал Бекетованың қайда екені анықталды. Ол Астана қ. Железнодорожный кентінде болған. Оған қатысты құқық бұзушылық әрекеттер жасалмады. Қазір Астана қ. «Алматы» ауданы ІІБ ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері қызды туыстарына тапсырды.
Тексеру нәтижесінде қыз бұрын да бірнеше рет үйінен кеткені анықталды. Полиция қызметкерлері ата-анасымен профилактикалық әңгімелер жүргізген.