Астана процесіне қатысушылар Сириядағы соғысты тоқтату режімін мониторингілеуге уағдаласуы қажет - Көшкінбаев
«Астанадағы келіссөздердегі ең басты мәселе Сириядағы соғысты тоқтату режімін нығайту. Бұл негізгі мәселе әрі ол Астанада қаңтар, ақпан және наурыз айларында өткен барлық келіссөздерде талқыланған болатын. Бұған дейінгі үш кезең де дәл осы тақырыпқа арналды. Бірден атап өтерлігі, астана алаңындағы келіссөздер кеңейтілген құрамда өтетін Женева келіссөздерін толықтыра түседі. Астана келіссөздерінде назар нақты мәселелерге аударылған. 2016 жылдың желтоқсанында соғысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алайда, бұл уағдаластық үнемі бұзылып, химиялық шабуыл жасалды, АҚШ үкіметтік авиабазаға зымыранмен соққы жасады», - деді Көшкінбаев.
Саясаттанушының атап өтуінше, Сирияда азаматтық қақтығыс орын алуда. Бұл елде соғыс зардабын тартпаған бірде-бір тұрғын жоқ.
Осы ретте Көшкінбаев Астана келіссөздеріне қатысушылар үшін ең маңызды міндет соғысты тоқтату және соғысты тоқтату режімін бұзу мониторингі тетіктерін әзірлеу болатындығын баса айтты.
«Сирия аумағы бөлшектенген. Оны түрлі қарулы топтар бақылауда ұстап отыр. Бұған қоса ел аумағының біраз бөлігін ДАИШ бақылауына алған. Жағдай өте ауыр әрі соғысты тоқтату режімінің бұзылғанына кім жауапты екендігін анықтау қиын. Жанжалдасушы тараптар жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отырады. Сондықтан барлық тараптардың сенімінен шығатын мониторингілеу тетігі қажет. Мәселен, бұл тетік БҰҰ қамқорлығымен немесе сәйкесінше мандаты бар бейтарап бақылаушы тарабынан жүзеге асырылуы мүмкін», - деді саясаттанушы.