Астана прокуратурасы әкімдік қызметкерлерін тексеру үшін Антикорға материалдар жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қалалық прокуратурасы елорда әкімдігіндегі жер, сәулет және қала құрылысы заңнамасы саласындағы көптеген олқылықтарды анықтады. Лауазымды тұлғалардың іс-әрекетін бағалау үшін жиналған материалдар елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде көптеген бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде нақты жоспар жобасына өзгеріс енгізу, мемлекеттік жерлерді беру, жобалау жұмыстарына рұқсат ету, сондай-ақ эскиздік жобаларды келісу туралы шешімдер қабылдау әрекеттері бар», - делінген елордалық прокуратураның ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жолдаған жауабында.

Ведомстводан атап өткендей, анықталған фактілер бойынша қадағалау актісі шығарылған. Бүгінгде әкімдік анықталған олқылықтарды жою үшін жұмыстар жүргізуде.

«Сонымен қатар, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне баға беру үшін ақпараттар елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілді», - деп мәлім етті прокуратурадан.

Құзырлы орган тексеру нәтижелерін егжей-тегжей баяндаған жоқ.

Еске салайық, таяуда БАҚ беттерінде 2019-2022 жылдар аралығында жер учаскелерін беруге және қалада құрылыс салуға жауапты Астана әкімдігінің бөлімшелерін тексеру жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл аралықта елорда әкімі лауазымында Алтай Көлгінов қызмет етті. Прокуратура мамандары бастапқыда ондаған мектеп, аурухана мен балабақша салу жоспарланған учаскелердің нақты жобасына түзету енгізудің 61 фактісін анықтаған. Тиісінше, білім ордалары мен медициналық ұйымдар бойы көтеруі тиіс жерлерге тұрғын үйлер салынған.


Соңғы жаңалықтар