«Astana Qazaqstan Team» Аустралиядағы веложарысқа қатысады
АСТАНА. KAZINFORM - «Astana Qazaqstan Team» велокомандасы көпкүндік «Тур Даун Андер» жарысына қатысатын құрамын жариялады.
Көпкүндік веложарыс 16 мен 21 қаңтар аралығында өткізіледі.
Команда құрамында Самуэле Баттистелла, Джанмарко Гарофоли, Микеле Гадзоли, Дмитрий Груздев, Макс Кантер, Кристиан Скарони, Рудигер Зелиг сынға түседі.
Сондай-ақ, қазақстандық Дмитрий Груздев «Astana Qazaqstan Team» велокомандасымен келісім-шартты ұзартты.
Дмитрий Груздев қазақстандық жобада 12 толық маусымды өткізді. Осы кезеңде 9 Гранд-тур мен 20 монументалды классикалық жарыстардан өтті. Онда ол әрқашан командалық мақсаттар мен көшбасшыны қолдауда толықтай ойын өрнегін көрсете алды.
Ол аралас командалық жарыста Азия чемпионатының алтынын жеңіп алып, жазғы Азия ойындарының топтық жарысында 5-ші болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Аустралияда әлемдік «Virtus Cycling World Series» додасында қазақстандық Дастан Ордабай 2 алтын медаль жеңіп алды.