«Астана - Щучинск» автожолында «Ақылды жол» жүйесі енгізіледі

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің «Астана - Щучинск» автожолының құрылысымен танысуы аясында журналистерге сұхбат берген автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, концессионердің қатысуымен жүзеге асатын аталған жоба бойынша қазіргі кезде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. «Автобанмен жүру ақысын концессионер белгілейтін болады. Бірақ төлемақыны мемлекет шектеуге құқылы. Болжам бойынша Щучинске дейін жолақысы 500-600 теңге болады. Бұл жерде балама жолмен жүретіндер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған», - дейді З.Сағынов.
Комитет төрағасы атап көрсеткендей, «Ақылды жол» концессионерлік жобасына сәйкес «Астана - Щучинск» автобанында көлік құралдарына рұқсат етілген жылдамдықты, ауа-райы, температура, уақыт, алдындағы тосқауылдар мен көлік жүруге тиіс жолақты көрсететін электронды бағдаршамдар орнатылатын болады. Бүгінгі таңда осы жобаға қатысуға 17 елдің 63 компаниясы өтініш білдіріп отыр.