14:18, 11 Шілде 2009 | GMT +5
«Астана - Щучинск» автожолының тазалығын «Мерседес-бенц» техникасы қамтамасыз етпек
АСТАНА. Шілденің 11-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Астана - Щучинск» автобанының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында немістің техникасы сатып алынды.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың «Астана - Щучинск» автожолының құрылысымен танысуы аясында журналистерге сұхбат берген «Қазавтожол» РМК-сының бас директоры Мереке Пішембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде автожолдың тазалық жұмыстарын атқаруға немістің «Шмидт» компаниясы «Мерседес-бенц» және «Ман» маркалы 10 жол техникасын жеткізді. «Осы техниканың арқасында жол бойындағы қар тазарту, шөп шабу және жол белгілерін жуу жұмыстары атқарылатын болады», - дейді М.Пішембаев.
«Қазавтожолдың» басшысы атап көрсеткендей, «Астана - Щучинск» автобаны ашылғаннан кейін 100-150 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.