«Астана» шабандозы Маттео Малучелли Жапониядағы көпкүндікті жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда «Тур Кюсю» көпкүндік веложарысы басталды. Фукуокада мәреге жеткен алғашқы кезең жаппай спринтпен аяқталып, онда XDS Astana Team командасының шабандозы Маттео Малучелли жеңіске жетті.
Алғашқы кезеңнің қашықтығы 152 шақырым болды. Шешуші спринтте Малучелли Жаңа Зеландия өкілі, Li Ning Star командасының шабандозы Люк Мадгвейді басып озды.
Үшінші болып Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі — XDS Astana Development Team шабандозы Алессио Делле Ведове мәреге жетті. Команданың стажері Никифорос Арваниту тоғызыншы орын алды.
Маттео Малучелли жарыс күні оңай болмағанын, алайда команданың жақсы жұмыс істегенін айтты.
— Бүгін біршама қиын болды, бірақ команда керемет өнер көрсетті. Біз жаппай спринтке шығудың жалғыз мүмкіндігі осы кезеңде болатынын білдік, сондықтан оған ерекше дайындалдық. Мәреге жақындағанда алдыңғы қатарда болу, әсіресе соңғы бұрылыстан алғашқы болып өту маңызды еді. Бәрі ойдағыдай болды. Соңғы бұрылыстан алғашқы үштіктің қатарында өттім. Содан кейін Ники Арваниту мені мәреге дейін жақсы бастап барды. Маған тек спринтті сәтті аяқтап, жеңіске жету ғана қалды, — деді ол клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Италиялық шабандоз бұл биылғы маусымдағы тоғызыншы жеңісі екенін айтты.
— Жалпы, бұл жыл сәтті өтті деп ойлаймын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Алда жалпы есеп үшін күресетін тағы екі күн бар. Команда бар күшін салады, сондықтан нәтижесін көре жатармыз, — деп қосты велошабандоз.
Бірінші кезеңнен кейін Маттео Малучелли «Тур Кюсю» жарысының жалпы есебінде көш бастады. Сондай-ақ ол ұпайлар бойынша да бірінші орынға шықты. Алессио Делле Ведове жастар арасындағы есепте бірінші орынға шықты.
Еске салайық, бұған дейін Малучелли Малайзияда өткен беделді «Тур Лангкави» көпкүндік веложарысында да табысты өнер көрсетіп, сегіз кезеңнің үшеуінде жеңіске жеткен еді.