Астананың спортшылары 9 айда 5,7 мыңға жуық медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Жылдың басынан бері Астана спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі 1 472 жарысқа қатысып, 5 696 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 2 149 алтын, 1 803 күміс және 1 744 қола жүлде бар. Бұл туралы Астана өқаласының әкімдігі мәлім етті.
Бокс, күрес, су добы, семсерлесу, стенд және оқ ату, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, гимнастика, велоспорт, триатлон, самбо, таеквондо, шахмат, шорт-трек және басқа да спорт түрлерінен айтарлықтай жетістіктер бар.
Азия және әлем чемпионаттарындағы нәтижелердің орны ерекше. Биыл елордалық спортшылар спорттың 12 түрінен өткен 15 Азия чемпионатына қатысып, 23 медаль иеленді. Оның тоғызы — алтын, сегізі — күміс, алтауы — қола.
Ал спорттың 11 түрінен өткен 12 әлем чемпионатында Астана өкілдері тағы 23 жүлдеге қол жеткізді. Оның ішінде 10 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль бар.
Параспорт өкілдері де жоғары нәтижелер көрсетті. Астана құрамасының спортшылары спорттың 9 түрінен өткен 9 Азия чемпионатына қатысып, 32 медаль жеңіп алды. Оның 16-сы — алтын, 12-сі — күміс, 4-еуі — қола.
Бұдан бөлек, спорттың 6 түрінен өткен 6 әлем чемпионатында елордалық параспортшылар 14 медаль иеленді. Оның ішінде 2 алтын, 6 күміс және 6 қола жүлде бар.
2026 жылғы қарашада елордалық параспортшылар парастол теннисі, армрестлинг және пауэрлифтингтен өтетін тағы үш әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан балуандары күрестен әлем чемпионатын бес медальмен қорытындылағанын жаздық.