11:44, 14 Ақпан 2013 | GMT +5
«Астана су арнасы» құны 2 млрд.-қа жуық теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асырды
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - 2010-2013 жылдар аралығында «Астана су арнасы» МКК жалпы сомасы 1 млрд. 932 млн. теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асырды.

Бұл туралы бүгін журналистерге кәсіпорын басшысының орынбасары Арман Данаев мәлім етті.
Оның айтуынша, екі кезеңдік жобалар барысында 2010-2012 жылдар ішінде 43 шақырым су құбырының тозығы жеткен желілері ауыстырылды, сондай-ақ ұзындығы 4 шақырым кәріз желілері салынған. «Аталмыш шара үнемі проблемалы учаскелердегі апаттық жағдайларды азайтуға жағдай жасады», - деді А.Данаев.
Бұл қаражатқа келешекте бейне көрінісі бар кешенді геоақпараттық жүйе де енгізілмек. Бұл диспетчерлерге су құбырындағы қысымды қадағалап қана қоймай, басқаруға да мүмкіндік бермек.
Жалпы, былтыр Астананың су құбырларындағы 1 мыңнан астам апат орын алған. Дегенмен, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Ысырап болған судың көлемі 20 пайызға дейін азайтылды.