Астана су қоймасын жаңарту жұмыстары қолға алынды
«Астана су қоймасында соншалықты апат болған жоқ. Қазіргі уақытта су қоймасы контрреттегіш режимінде. Бұл дегеніміз – қаланы су тасқынынан қорғау. Қазір су қоймасын жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Әкімдікте осы мәселе қаралып, қаржы бөлу жағы шешіледі. Биыл контрреттегішті жаңартуға ақша бөлініп, атқарылатын іс-шаралар аясында Есіл өзенінің арнасын кеңейту мүмкіндігі туады деген ойдамыз. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы іс-шаралар, бөгетті нығайту, тас төсеу жұмыстары жүргізілмек», - деді Дастан Алдабеков Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салсақ, биыл қаңтарда Астана су қоймасындағы су қоры тапшылығын шешу мәселесі көтерілген еді. Аталған су қоймасына Ертіс және Есіл өзені арқылы қосымша су қоры жеткізілетіндігі айтылды. Мамандардың есептеуінше, жыл сайын елорда халқын сумен қамту үшін 95 млн текше метр су қажет.