«Astana taxi serviсe» компаниясына қатысты тергеу басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana taxi serviсe» ЖШС таксопарктерге бірыңғай тарифті бекіткені үшін айыпталып отыр. Ал таксопарктердің өздерін сол тарифті өзара келісіп алғаны үшін жауапқа тартуы мүмкін.
Бүгін аталған мәселе Астана қаласы бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана қаласы көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрмановтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын таксопарктер осы саланы дамыту мәселелерін көтеріп, бірыңғай такси қызметін құруды ұсынған болатын. Осылайша, «Astana taxi serviсe» ЖШС құрылды. Бүгінде аталған қызметке қосылған компаниялардың саны екі есеге өсті. Ал көлік құралдарының саны 700-ге дейін артты. «Astana taxi serviсe» олардың бәріне тапсырыстар беріп отырады.
«Осылайша, көлік жүргізушілері ресми түрде табыс тауып жүр. Алайда қаладағы барлық таксопарткер нарықтың тек 15 процентін ғана алып отыр. Қалғаны - көлеңкелі бизнес. Себебі қазір мобильді қызмет арқылы такси шақырту кеңінен таралып кеткен. Енді, өткен жылы бәскелестікті қорғау органдары «Astana taxi serviсe» компаниясына қатысты тергеуді бастады. Олардың ойынша, компания өз тарифтерін орнатып, сонымен таксопарктерді қызмет көрсетуге міндеттейді. Алайда таксопарктер ол компанияны өздері құрды. Сондықтан тарифтерді де өздері бекітеді. Иә, бас кезінде құжаттар дұрыс рәсімделмеген шығар. Бірақ оған қарап, компанияны заң бұзып отыр деуге болмайды», - деді М.Құрманов журналистерге берген сұхбатында.
Ал «Astana taxi serviсe» ЖШС директоры Олег Фатюхин құжатттарда кеткен олқылықты көрсетіп берді.
Оның сөзіне қарағанда, кампания тарифті бекітпейді. Тергеу кезінде де оны ешкім дәлелдей алмады.
«Мәселе мынада, басында бізде тәжірибе болмады ма, кәсіби заңгерлерді де тартуға ақшамыз жетпеді. Сол кезде біздің таксопарктермен рәсімдейтін келісімшартымызға «Astana taxi serviсe тарифті орнатуға және өз көзқарасы бойынша өзгертуге құқылы» деген сөйлем кіріп кеткен. Бірақ компанияның ол тармақты қолданып жүргеніне дәлел жоқ. Таксопарктер тарифті өздері ұсынды. Біз сол бойынша жұмыс істейміз», - деп атап көрсетті О.Фатюхин.
Алайда Астана қалалық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «Astana taxi serviсe» ЖШС-інен бөлек таксопарктерге қатысты тағы бір тергеуді бастап кетті. Себебі қызметке қосылған таксопарктер тарифті өзара келісіп алды деген күдік бар.
«Бірінші тергеуге сәйкес, «Astana taxi serviсe» ЖШС 13 таксокомпанияға бірыңғай тариф бекіткені үшін айыпталып отыр. Ол жайында екіжақты келісімшартта да жазылған. Таксопарктердің өздері де тарифті «Astana taxi serviсe» бекітеді деп айтып отыр. Ал екінші тергеу сол таксопарктерге қатысты. Олар бағаны өзара келісіп алды деген күдік бар. Біз олардың бір-біріне жіберген электронды хаттарын зерделеп шықтық. Сол жерде тарифті өзара келісу әрекеттері анық байқалады», - дейді департаменттің бөлім басшысы Дастан Сәмен.
Айта кетейік, тергеудің нәтижесінде «Astana taxi serviсe» ЖШС-іне ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Ал таксопарктердің тарифті өзара келісіп алғаны дәлелденсе, монополиядан түскен табыс тәркіленеді. Тергеу тағы екі айға созылады.
Осыған дейін Яндекс таксидің бағаны негізсіз көтеретіні туралы жаздық.